АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадан НАТО-ға қосылу ниетінен және аннексияланған Қырымды қайтару талабынан бас тартуды сұрады. Ол дүйсенбі күні Вашингтонда Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесіп, кейін Ұлыбритания, Германия , Франция, Италия, Финляндия, Еуропалық одақ пен НАТО жетекшілерімен ортақ келіссөз өткізбек, деп жазады Egemen.kz.

Әлем назарындағы кездесу

Жұма күні Аляскада Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен соң, Трамп Киевке бейбіт келісімге келуге ықпал етуді қолға алған. Ақ үй хабарлауынша, алдымен Трамп пен Зеленский Овал кабинетте жеке жүздеседі. Одан кейін барлық еуропалық көшбасшылар Шығыс залында бас қосып, Украинаға қатысты ортақ ұстанымдарын талқылайды.

Еуропа елдері бұл кездесуге айрықша мән беріп отыр. Өйткені Путинмен өткен саммитке қатыспағандықтан, олар Украина тағдыры сырттарынан шешіліп кетпей ме деп алаңдайды.

Германия Сыртқы істер министрі Йоханн Вадепфуль: «Әлем көз тігіп отырған сәт – осы. Бұл Вашингтондағы ақиқат кезеңі», деді.

Украина уәжі

Зеленский Ресейдің Донбастың қалған бөлігінен бас тарту секілді талаптарын қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Ол қазірдің өзінде атысты дереу тоқтату арқылы терең бейбіт келіссөздер бастауға үндейді. Бірақ Трамп Путиннің ұстанымына жақындап, бірден ауқымды келісім жасау жолын қолдай бастағаны байқалады.

Зеленский Вашингтонға кешкісін жеткен соң Telegram арқылы үндеу жасап:

«Біз бәріміз соғыстың тез әрі сенімді тоқтауын қалаймыз. Бұл соғысты бастаған – Ресей. Америка мен еуропалық достарымызбен бірге күш біріктіріп, Мәскеуді шынайы бейбіт келісімге келтіреміз деп сенемін», деді.

Сонымен Вашингтондағы бұл кездесу – Украина соғысының тағдырын айқындайтын шешуші кезеңнің бірі. Трамптың «Қырымнан бас тарту» және «НАТО-дан алыстау» тәрізді талаптары Киев үшін ауыр сынақ болып тұр. Ал Зеленский өз елінің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін сақтау жолында Батыстың қолдауына арқа сүйеуге тырысады.