Алматыда комедия жанрындағы «Қолыңнан келсе, алып қаш» фильмі таныстырылды. Қызықты оқиғалар мен күтпеген сәттерге толы кино қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайды. Алғашқы көрсетілімге елімізге белгілі өнер жұлдыздары жиналды.
Қызыл кілемде – жұлдыздар, сүйікті актёрларын асыға күткен көрермен. «Қолыңнан келсе, алып қаш» фильмінің алғашқы көрсетіліміне асыққандар көп. Отбасылық комедия 35 жастағы ырымшыл Самал және оның тұрмыс құрудағы мақсаты жайлы.
Ал Самалдың өмірлік жарын табуға құрбылары көмектеседі. Кино туындының қызған шағы да осы сәттен басталады. Фильмде Зарина Кармен, Айшолпан Байтүгел, Қанат Тасхан, Жансая Мұратбекқызы сынды актёрлар басты рольді сомдайды.
Айшолпан Байтүгел, актриса:
Менің сахналарым өте ауыр өтті. Имитация жасамадым, барлығын өзім орындадым. Машинаның кузовын ұрған сәттерде қолым ісіп, тобығым тайып, кейде құлап та қалатынмын. Сол кезде қатты қиналғаныммен, қазір ол сәттер мен үшін қызықты естелік болып елестейді.
Фильм 25 күнде таспаланды. Түсірілімге Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Дегерес ауылы мен Алматы қаласы таңдалған.
Азамат Рзағалиев, креативті продюсер:
Мұнда қоғамдағы көптеген өзекті мәселелер, соның ішінде ажырасу жайы қозғалды. Өкінішке қарай, Қазақстан жан басына шаққанда ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұр. Біз әрбір әйел өз бақытын табуға тиіс деген ойды жеткізгіміз келді.
Отандық комедия еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.
Нұрдәулет Сыздық