Қазақ тілінде оқуды таңдағандардың үлесі Алматы қаласында, Маңғыстау мен Қызылорда облысында басым екені белгілі болды.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Caravan.kz медиа порталы тілшісінің сауалы кезінде жауап берді.
«2025-2026 оқу жылында елімізде 8 мыңан аса мектепте 4,1 миллион оқушы білім алады. Биыл 341 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады деп жоспарланған. Қазіргі таңда 1-сыныпқа 336 мыңнан астам бала қабылданды, олардың 70 пайызы қазақ тілінде оқуды таңдады.
Қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны 241 мыңнан асты. Қазақ тілінде оқуды таңдағандардың үлесі Алматы қаласында, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында басым болып отыр. 1 сыныпқа қабылдау тамыз айының соңына дейін жалғасады», — деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ, ол биылғы мектеп құрылыстары туралы айтып берді.
«Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында елімізде мектеп инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғырту және кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қазір өңірлерде 267 мың орынға арналған 232 мектеп салынуда. 2025–2026 оқу жылының басына дейін 115 мың орынға арналған 83 жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал жыл соңына дейін тағы 140 мың орынға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталады деп көзделуде. Мектеп құрылысымен қатар, биыл 190 мың оқушыны қамтитын 245 мектепте ауқымды реновация бағдарламасы іске асырылуда. Оның шамамен 60%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңа оқу жылына дейін 99 мың оқушыны қамтитын 127 мектептегі жөндеу жұмыстары аяқталады. Бүгінде Қазақстандағы мектептердің 95%-дан астамы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Сонымен қатар, биыл 680 мектепке 1 100-ге жуық пәндік кабинет сатып алу жоспарлануда», — деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы.