Батыс Қазақстан облысында су шаруашылығы кадрлары жетіспейді.
Тапшылықты жою мақсатында өңірде маман даярлау қолға алынды. Бүгінде жергілікті жоғары оқу орнында «Гидромелиорация» мамандығы ашылды. Қазір бөлімге құжат қабылданып жатыр.
Марат Мәшекенов — тәжірбиелі гидротехник. Ол су шаруашылығы нысандарына қызмет көрсететін кәсіпорында жұмыс істейді. Мекеме меншігінде 85 гидро нысан бар. Мұндағы мамандар жыл соңына дейін каналдарды тазартып, жағалауларды нығайтуды жоспарлап отыр. «Дегенмен маман тапшы », — дейді инженер.
Марат Мәшекенов, инженер-гидротехник:
- Енді мен өзім пенсиядағы адаммын. Қазір енді бас инженер гидротехника ол да пенсияға жақындап жүрген адам. Сондықтан көріп отырсыз ғой, мамандар жоқ.
Биыл саланы білікті кадрлармен қамту үшін аграрлық-техникалық университетте «гидромелиорация» мамандығы ашылды. Жоғары оқу орнында су шаруашылығы инженері, гидролог, гидротехникалық құрылысшылар даярланады. Қазір оған 68 студент грантқа өтті. Құжат қабылдау жалғасып жатыр.
Марат Оңаев, университет өкілі:
- Осы сала бойынша кадралды даярлауға Москвалық университеттермен байланыстарымыз бар. Өзбекстандық университеттермен байланысымыз бар. Сондықтан биыл бастап, негізгі, толық материалдық базасын да және кадрлық қамтамасыз жасаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Оқу үрдісінде тәжірбиеге көп көңіл бөлінеді. Болашақ мамандар су шаруашылығы нысандарында жұмыс істей жүріп, білім алады. Өңірде 14 су қоймасы, 2 ірі сорғы станциясы мен бір мың канал бар.
Талғат Қажғалиев, «ҚазСуШар» РММ БҚФ директорының орынбасары:
- Бүгінгі күнде «ҚазСуШар» БҚФ-те 200 жұмысшы жұмыс істейді. Шілде айынан бастап жалақы өсті. Енді өздеріңіз естіп жатқандай, энергетиктермен бірдей жұмыс істейміз деді. Қазір орташа 250 мың теңге жалақы.
Қазір өңірдегі су шаруашылығы мамандары гидро құрылыстарды күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Сонымен қатар Киров су қоймасы жаңғыртылды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Альбина Құмарғалиева, Қалыбек Ақрап, Эльдар Аюпов, 24kz