Алматы облысындағы «Кеген» шекаралық бақылау бөлімшесінде бұдан былай жолаушыларға тәулік бойы қызмет көрсетіледі.
Осыған орай екі елдің тиісті ведомстволарының басшылары шекара бойында арнайы кездесіп, жаңа қызметтің тұсаукесер рәсімін өткізді. Бұған дейін бөлімше бақылаушылары күндізгі уақытта ғана жұмыс істеп келген еді.
«Кеген» шекаралық бақылау бөлімшесінің күндізгі уақытта ғана жұмыс істеуі жолаушыларға қолайсыздық туғызып келген еді. Түрлі себептермен уақытынан кешіге қалса, екі ел азаматтары шекарадан өте алмай, таңның атуын күтетін. Енді олай болмайды. Үкіметаралық келісімдерге сәйкес, шекаралық бақылау бөлімшесі бүгіннен бастап тәулік бойы жұмыс істеу кестесіне көшті.
Сабыр Досымбеков, Кеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Бұл енді керемет жаңалық болды деп айтсам артық емес. Біздің халқымыз, Қырғыз да болса, қазақ та, екі жақ та айтады ғой "Қырғыз, қазақ бір туған" деп. Енді ол көне заманнан келе жатқан бауыр халықпыз ғой. Енді оның күндіз ғана істеп мына посттың, түн ішінде, кешкі алтыдан таңғы сағат сегізге дейін істемей қалғаны кәдімгідей біздің жанымызға бататын. Бұның өзі ел үшін, халық үшін өте бір қуанышты жағдай десем болады.
Тілеужан Жүнісов, шекара қызметі директорының орынбасары:
- 8 пункт пропуска бар. Полностью бәрі 8 пункт пропусканы многосторнний ашып жатырмыз. Қазір бүкіл шетелдерден келеді. Келесі жылдан бастап осы пункт пропускаға біз реконструкция жасаймыз.
«Кеген» шекаралық бақылау бөлімін күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 18 млрд теңге бөлінеді. Бұрын бұл жерден Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары ғана өте алатын. Енді алыс және жақын шет елдерден келетін туристердің де емін-еркін қатынауына жол ашылды. Ол өз кезегінде екі елдің туризм кластерін дамытуға мүмкіндік береді. Себебі Ыстықкөл мен Көлсайда және Шарында демалушылар қатары жыл өткен сайын еселеп артып келеді.
Ардақ Назаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Болашақта осы шекара аймағы кеңейетін болады. Бұл жерде төрт қатарлы жол салынатын болады. Бұл жерде шекара аймағынан Қазақстаннан, мына көршіміз Қытай елінен, Ресейден осы мына туристер өтетін болады. Яғни Қазақстанның экономикасына, Қырғызстанның экономикасына қаржы құйылады деген сөз.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қарқара жайлауының ықылым замандардан бері ірі сауда орны болғаны белгілі. Қазір Қырғыздың «Қарқыра», Қазақстанның «Кеген» шекаралық бақылау бекеттерінен күніне екі мың адам өтеді. Қазақ-Қырғыз шекарасын былтыр 55 млн адам кесіп өткен. Биылдың 8 айында бұл көрсеткіш 40 миллионға жетті.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев