Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев депутаттарды кіші командалық құрамның мамандарын даярлаудың жүйесімен және бейінді комитет мүшелерін кадеттерді іріктеу тәртібі жайынан хабардар етті.
Заң шығарушы билік өкілдері оқу орнының инфрақұрылымымен, оның материалдық-техникалық базасымен, кадеттер мен мерзімді қызмет сарбаздарының тұратын жерімен, тамақтану және медициналық көмек көрсету шарттарымен танысты. Олар казармаға, асханаға, спортзалға барып, медициналық кабинеттің қалай жабдықталғанын көрді.
Сапар барысында депутаттарға колледж тәрбиеленушілерінің мәдени бос уақытын, әскери-патриоттық тәрбиесін және спортпен шұғылдануын ұйымдастыру жайы да айтылды. Қонақтар мұражайға, оқу орнының кітапханасына және спортзалға барды.
Іс-шара соңында депутаттар әскери колледждің жеке құрамымен кездесті. Мәжілісмендер әскери білім мен әскери қызметке қатысты заңнаманың ережелеріне түсініктеме беріп, оны жетілдіру жөніндегі көзқарасымен бөлісті.