Дәл қазір Бейжіңде Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі басталды, деп хабарлайды 24kz.
Алқалы жиынға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр. Кеңес отырысының жұмысы қандай бағыттарды қамтиды?
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы ресми басталды. Оған қатысуға екі елдің жетекші компания басшылары, мемлекеттік органдардан 500-ден астам өкіл жиналды.
Бұл – екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық әріптестіктің зор әлеуетін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды іс-шара. Жаңа ғана Кеңеске қатысуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Қытай тарапынан Қытай халық республикасының Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Дин Сюэсян қатысады. Іс-шара бағдарламасына сәйкес Іскерлік кеңесті бастамас бұрын олар алдымен Жамбыл облысында жел энергетикасы құрал-жабдықтарын өндіретін кешенді іске қосу рәсіміне қатысады. Салтанатты іс-шара телекөпір форматында өтеді. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері аумағында жел электр станцияларына қажетті бөлшектерді шығаратын алғашқы зауыт болады. Бұл жаңа өндіріс орны туралы алдағы жаңалықтарда толық айтамыз. Ал телекөпірден кейін бірден Кеңестің жұмысы басталады. Екіжақты отырыста энергетикалық ынтымақтастықты дамыту, тұрақты ілгерілеу, логистикалық және өндірістік тізбекті кеңейту басты тақырып ретінде қаралады.
Екіжақты отырыстың қорытындысы бойынша жалпы құны 15 миллиард АҚШ долларынан асатын 70 құжатқа қол қою жоспарланып отыр.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы