Интернет-алаяқтар мобильді қосымшалар арқылы тұрғындарды алдап-арбауға көшті. Сондықтан банк сайттарында халықты сақ болуға шақырған ақпараттық бейнематериалдар салынып, қауіпсіздік күшейтілді. Тұрғындар мессенджерге келген «Байқауда дауыс бер!», «Тест сынағынан өт!», «Сауалнама тапсыр!» деген сілтемеге алданып қалып жатады. Полиция да, банк қызметкерлері де мұндай сілтемелерді ашпауға, алаяқтардың құрығына түсіп қалмауға кеңес береді. Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 303 тұрғын алданып қалған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға көп. «Банк қызметкерімін» деп хабарласып жатқандарға, әсіресе зейнеткерлер жиған-тергенінен айырылып қалып жатыр. Жыл басынан бері тұрғындар 600 млн теңге шығынға ұшыраған . Жауапты орган өкілдері халықпен кездесіп, тұрақты түрде ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді.

Артур Мұсағалиев, облыстық ПД кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

Қазіргі жағдайда орын алып жатқан интернет алаяқтардың түрлері – бұл банк қызметкері болып хабарласу. Бұл салада үлкен көлемдегі шығындар болып жатыр және алданып жатқан тұрғындар негізінен — үлкен кісілер. Оған қоса мұғалімдер де, дәрігерлер де бар.

Ардақ Мұратқызы