Еліміздегі ең беделді оқу орны – Назарбаев зияткерлік мектебінде шу шықты. Оқу жылы аяқталар тұста 11-сынып оқушысы Сұңқар Майқан сабақтан шеттетілген. Мектеп басшылығының сөзінше, шәкірт емтихан ережесін өрескел бұзып қоймай, ұстазды балағаттаған. Қазір даулы мәселені Оқу-ағарту министрінің өзі жеке бақылауына алды. Мектеп басшылығы шешімін өзгертуі мүмкін бе? Бейәдеп қылық көрсеткен шәкірт білімін жалғастыра ала ма? Әріптесім Жазира Оразқызы анықтады.

Жазира Оразқызы, тілші:

Келеңсіз жағдай мына мен тұрған Назарбаев зияткерлік мектебінде болған. Соңғы күндері бұл білім ордасының ұжымынан да, ата-аналар мен оқушылардан да маза қашты, тіпті бүгін Астанадан арнайы келіп, министрлік өкілдері жиналыс та өткізген.

Даулы басқосу жабық есік жағдайында өтті. Оқудан шығарылған Сұңқар Майқанның ата-анасы да, министрлік өкілдері де сұхбат беруден бас тартты. Мектеп директорының айтуынша, оқушы тыйым салынғанына қарамастан, қорытынды емтиханға ұялы телефон алып кірген. Кикілжің сол кезде басталған.

Ермек Пайзов, Физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

Мұғалім емтихан кезінде ұялы телефонды көріп, алып қойған. Емтихан біткеннен кейін бала өзінің телефонын алып кеткісі келеді. Әкімшілікке беремін, әкімшіліктен ереже бойынша сол жерден аласың. Бала қолынан телефонды жұлып алғысы келеді, бірақ мұғалім бермейді. Сөйтіп бала мұғалімнің ар-намысына балағаттау сөзін айтады.

Артынша бұл жағдай педагогикалық кеңесте қаралып, шәкіртті оқудан шығару туралы шешім қабылданады. Бұл соңғы оқиға емес, бірнеше рет қайталанған тәртіпсіздік те әсер етті дейді мектеп директоры.

Сұңқар Майқан, оқушы:

Мен өз қателігімді толығымен мойындаймын және тәртіптік жазаға, қоғамдық жұмыс істеуге немесе басқа да шараларға әзірмін. Мемлекет менің оқуыма қыруар қаржы жұмсады. Сондықтан маған мектепте қалып, өзім жоғары бағалайтын оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берсе екен деймін.

Алайда оқушы кінәсін мойындаған мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрі де тиісті тапсырмалар берілгенін айта кетті.

Оқу-ағарту министрлігі педагогтың қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекетке қатаң сын көзқараспен қарайды. Бұл оқиғада оқушы өз қателігін түсініп, өкініш білдіріп отыр. Енді Назарбаев зияткерлік мектебі бұл жағдайды тек ішкі тәртіппен ғана емес, сондай-ақ адамгершілік, кешірімділік пен нағыз ұстаздық ұстанымдарға сүйене отырып шешеді деп үміттенеміз.

Десе де мектеп басшылығы балаға барынша қолдау көрсетілетінін, алайда шешімнің өзгермейтінін нақты айтты.

Ермек Пайзов, Физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

- Сонда бала келесі жылы оқуын жалғастырмайды?

— Бізде мектепте педагогикалық шешім қайта қарастырылмайды.

Сондықтан қазір Сұңқар Майқанды басқа мектепке орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда соңғы шешімді осы оқу орнында 5 жыл білім алған оқушы мен оның ата-анасы қабылдауы керек.

Жазира Оразқызы