Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы » заң жобасы бойынша Болатбек Нәжметдинұлы баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған заң жобасы астана мен республикалық маңызы бар қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге бағытталған.

Әуелі Б.Нәжметдинұлы астананы және республикалық маңызы бар қалаларды абаттандыру мәселелері бойынша қолжетімді ортаны қамтамасыз ету, дизайн-кодты енгізу және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреттерін нақтылау нормаларды жетілдіру енгізілгенін атап өтті.

«Заң жобасында сондай-ақ жарнама қызметін реттеу және қоғамдық орындарда көшедегі аудиожарнамаға тыйым салу және де тротуарларда, автожолдарда сыртқы жарнаманы орналастыруға тыйым салу көзделген. Жерді қала мұқтажы үшін пайдалану нормаларын нақтылау да ұсынылып отыр», деді ол.

Депутаттың айтуынша, заң жобасында нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою кезінде, бұрынғы меншік иесіне оны сатып алу құнын ғана өтей отырып, жерді өткізуден түскен табысты бюджетке есепке жатқызу ұсынылады.

«Заң жобасында Жер кодексіне сәйкес жекелеген меншік иелеріне тиесілі бола алмайтын жер учаскелеріне құқықты қайта ресімдеу тәртібін айқындау жөніндегі уәкілетті органның (Ауыл шаруашылығы министрлігі) құзыреті енгізіледі», деді Б. Нәжметдинұлы.

Депутат сонымен қатар астанада көші-қонды реттеу тетіктерін жетілдіру көзделгенін, аталған заң жобасы биыл 5 наурызда бірінші оқылымда мақұлданғанын атап өтті.

«Республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының құзыреттерін кеңейтуге бағытталған тұрғынжай реновациялау бағдарламасын бекіту, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ сауда, медициналық, қонақ үй және өзге де қызметтер көрсету қағидаларын бекіту бойынша түзетулер енгізілді», деді Мәжілісмен.

Сондай-ақ депутат қалалық қоғамдық көлікте қолданылатын тарифтік саясатты әзірлеу бойынша түзетулер Үкіметтің қорытындысымен қолдау тапқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ көші-қон саласындағы нормаларды одан әрі жетілдіру мақсатында «уақытша көшіп келушіні тіркеу» ұғымын енгізу, сондай-ақ уәкілетті органның құзыреттерін нақтылау ұсынылатынын айтты.

«Ел аумағында 30 күннен артық болатын шетелдіктердің бақылауда болуын қамтамасыз ету және олардың мекенжай бойынша тұру қағидаларын сақтауға бағытталған түзетулер Үкіметтің қорытындысымен қолдау тапты», деді депутат.

Бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасын сәйкес, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде жылу, электр энергетикасы, сумен жабдықтау және су бұрудың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бірінші кезектегі инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге бағытталған түзетулер енгізілген.

«Осы заң жобасы бойынша Мәжіліс комитеттері оң қорытындылар ұсынды. Жұмыс тобының 19 отырысы және Комитеттің кеңейтілген отырыстары өткізілді. Заң жобасы бойынша депутаттардан 463 түзету түсті. Салыстырма кесте 305 позициядан тұрады. Заң жобасы 54 заңнамалық актіге, оның ішінде 9 кодекс және 45 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді», деді баяндамашы.

Баяндамасында осындай мәселелерді айта келе Болатбек Нәжметдинұлы осы заңды қабылдауды және оны Сенатқа жіберуді ұсынды.