Таразда «Қолөнершілер үйі» креативті хабы ашылды.
Хабта қолөнершілерге арналған шеберханалар мен көрме залы бар. Орталықта шеберлер оқып, шығармашылық әлеуетін арттырып, тәжірибе алмасып, өз бұйымдарын жасай алады. Тіпті өнімін сатуға да жағдай жасалған.
Тараз қаласы 3 жыл бұрын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне кірген еді. Енді қала билігі ЮНЕСКО-ның креативті қалалар қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Сондықтан қолөнершілерге жағдай жасап, ұлттық өнерді дамыту мақсатында «Қолөнершілер үйін» ашты. Орталық бес қоғамдық бірлестіктегі 200-ден астам қолөнершінің басын біріктірмек.
Рахат Сапарәлиева, облыстық суретшілер одағының мүшесі:
- Бұл жерде өте ыңғайлы барлық жұмыстарымызды жасағанға және бір-бірімізбен пікірталас, бір-бірімізден мастер кластар алуға өте ыңғайлы. Және туристерді әкеліп көрсететін астында бізде шоурум бар.
Жаңа орталықта шеберлерге кәсібін дамыту, өнімдерін коммерцияландыру және жастарға тәжірибе беру мүмкіндіктері қарастырылған. Қыш, ағаш, киіз бұйымдары, ойыншық, кәдесыйлар мен киімдердііңбарлық түрін тігуге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта шеберлік сағаттары да жиі өткізілмек.
Сара Мәдиева, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Қолөнершілер палатасынан біз шеберлерді шақыртып. 4 адам келіп кешеден бері оқу өткізіп жатыр. Нәтижесінде бұлар сертификат алады. Жалпы бұның барлығы бүгінгі таңда жекелеген кәсіп иелеріне жекелеген қолдау.
Айдархан Қалиев, Дүниежүзілік қолөнершілер қоғамы Азия-Тынық мұхит аймағының вице-президенті:
- Бүкіл Тараздың қолөнершілерінің барлығын бір шаңырақ астына қосып, болашақта ол жерде шәкірттер де болады. Ол жерде болашақта даму да болады.
Хабтың ашылу салтанатынан соң креаторлар форумы өтті. Қолөнершілер өздерінің жұмыстарын таныстырып, орталықтың алдағы жоспарын бекітті.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділда