Шерзат Полаттың өліміне қатысты іске куә ретінде тартылған екі қызға шара қолдану сұралды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұндай өтінішті Шерзаттың ата-анасының адвокаты Мейрман Шекеев сот отырысында білдірді. Ол соттан Эльмира Нурбекова мен Дана Жақсыгельдыге қатысты жеке қаулы шығаруды сұрады. Аталған қыздар Шерзат Полаттың өлімі болған күні айыпталушылармен бірге болған және оқиға орнынан бірге кеткен.

Адвокаттың айтуынша, куә Эльмира Нурбекованың тергеу барысында берген және сотта айтқан жауаптарында қайшылық бар.

"Қорғау құқығы бар куә Нурбекова тергеу кезінде айыпталушыларды әшкерелейтін мәліметтер берді. Атап айтқанда, Абзал (Шынасыл – ред.) марқұм жасөспірімді пышақпен ұрғанын көргенін айтқан. Алайда сот процесі кезінде ол бұрынғы жауабынан бас тартып, пышақпен ұрғанын көрмегенін жеткізді. Сонымен қатар, қазақ тілін нашар меңгергенін және полиция тарапынан қысым болғанын айтты. Бірақ сотта оның қазақ тілін еркін меңгеретіні белгілі болды", – деді Шекеев.

Адвокаттың айтуынша, оқиғадан кейін Нурбекова көлікте еркін сөйлесіп, әзілдесіп, күліп отырған және оқиғаны талқылауға қатысқан. Мұны көлік ішіндегі бейнетіркегіш жазбасы мен айыпталушы Ильясовтың жауабы растайды.

"Біз куәгер Нурбекованың әрекетінде Қылмыстық кодекстің 420-бабы – жалған мәлімет беру және 434-бабы – қылмыс туралы хабарламау белгілері бар деп есептейміз", – деп толықтырды адвокат.

Екінші куәгер – Дана Жақсыгельдыге қатысты да Шекеев 434-бап бойынша жеке қаулы шығаруды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, тергеу барысында бұл екі қызға қатысты ешқандай процессуалдық шешім қабылданбаған, олар тек куә ретінде сұралған.

Судья Ержан Жанұзақов бұл мәселе бойынша шешімді кейінірек қабылдайтынын айтты:

"Шешім кеңесу бөлмесінде қабылданады", – деді судья.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget