Алматыда құрт-құмырсқаға қарсы күрес жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Мамандар ағаштарды дәрілеу жұмысын кезең-кезеңімен іске асырғанына қарамастан жәндіктер бой бермей тұр.

Қала тұрғындары тәтті ұйқыда жатқанда Алматының жасыл желегін сақтап қалу үшін түнгі жұмыс басталды. Арнайы мамандар зиянкестермен күрестегі ең тиімді тәсілдердің бірі – биологиялық өңдеуді таңға дейін жалғастырмақ. Бұл өз кезегінде ағаштардың өмірін қорғап, қала экологиясының жақсаруына да сеп болмақ.

Тал-дарақ үшін күрес тек түнгі уақытта жүргізіледі. 600 литрлік бөшкелеріне дәрі толтырылған 3 техника аула-ауланы, көше-көшені аралап, препарат бүркеді. 1 техника шамамен 1-1,5 гектар аумақтың дарағын зарарсыздандырып шығады. Дәрі өзекке түскен жегіні, жапыраққа қонған құртты, қалыңға жасырынған маса-шіркей, көбелекті жоюы керек.

Мейіржан Багатиев , қалалық Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы:

- Біздер бірінші кезеңде 2,3 миллион жсыл желектің бәрін қамтыдық және де емен ағаштарын 4 реттен өңдедік, қосымша ретінде теректерді 2 реттен өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі кезде осы Орбита ықшамауданындағы тұрғындардан өтініш келіп түсті және де өтініштер бойынша осы өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

Зиянкестерге қарсы күресте 2 түрлі тәсіл қолданылады. Олар: биологиялық және химиялық. Біріншісі тұрғындар үшін қауіпсіз. Сондықтан көпқабатты үйлердің арасында қолдана беруге болады. Ал синтетикалық құрамы бар химиялық заттар саябақтарда, адам сирек жүретін аумақта ғана себіледі.

Нұргелді Кеңес, «Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин» ҒЗИ ғылыми қызметкері:

- Қазір Алматы қаласының өңдеу жұмыстарына билоба препараттар қолданылады. Окторофит, гринголд, ақкөбелек сияқты қатты оқшауланған зиянкестер көп шоғырланған жерде класы төмен 3, 4-ші кластағы химиялық препараттарды қолданамыз. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы өңдеу жұмыстары 2-3 тоннаға дейін жаңағы билоба препараттар және 3, 4-ші кластағы төмен химиялық препараттар қолданылады.

Ақкөбелектен бөлек, соңғы жылдары алматылықтар: «Сона қаптады, бармақтай қара маса пайда болды», – деп жүр. Құрт-құмырсқаға сая болған жапырақтарға дәрі себілгеннен кейін «Орбита» жұрты тыныш ұйықтайды деп сенейік. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 20 сәуірде басталған зарарсыздандыру шарасы қаланың барлық ауданын қамтып, қыркүйекке дейін ағаштар 4 рет өңделеді.

Авторлары: Алуа Ералықызы, Эдуард Кон