Кейінгі жылдары Денсаулық сақтау министрлігі саланы цифрландыруға көп көңіл бөлді. Нәтижесінде дәрігерге жазылу кезегі азаяды, қаржыны тиімді басқарудың мүмкіндігі артады, медициналық қызметтер бұрынғыдан қолжетімді болады деп топшылады, деп жазады Egemen.kz.

Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру салаға тек жаңа технологияларды енгізу деген сөз емес. Бұл – медициналық көмектің сапасына, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімдігіне тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы қаржыландырудың тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тетіктердің бірі. Бүгінде елімізде мемлекеттік бюджет және Медициналық сақтандыру қорының қаржыландыруы арқылы 1900-ге жуық медициналық ұйым жұмыс істейді. Осы ұйымдар 20 млн астам отандасымызға медициналық көмек көрсетеді. Соның ішінде динамикалық бақылаудағы және әлеуметтік осал топтардағы 700 мың азамат бар. Оларға 19 млн астам тегін дәрілік рецептер берілген. 370 мыңға жуық әйелге жүктілігіне байланысты тиісті медициналық қызметтер көрсетіледі. Жуырда өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов цифрландыру бастамалары жайында айтып берді.

«Бірінші жоба – пациенттерді цифрлық сәйкестендіруге қатысты. Былтыр біз бұл жобаны пилоттық режімде іске асырғанбыз. Осыған қазірдің өзінде 1 800-ден астам медициналық ұйым қосылды. Жүйені күн сайын 80 мыңнан астам қызметкер пайдаланады. Жыл басынан бері олар 66 млн астам қабылдау өткізді. Нәтижесінде медициналық қызметтер көлемі 11,5%-ға азайды. Жүйе заңсыз көрсетілетін қызметтің көлемін азайтты. Қаржы жағынан бұл 2,5 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік берді», деді Е. Оспанов.

Медициналық қызметкерлер түрлі ақпараттық жүйелердегі құжаттарды немесе қағаз құжаттарды толтыруға келгенде көп уақыт жұмсайды. Осыған орай, медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және модернизациялаудың арқасында медицина қызметкерінің жүктемесі 40%-ға азайған. Осыған дейін дәрігерлер 4 ақпараттық жүйеде жұмыс істесе, қазір бір ғана жүйені пайдаланады. Сондай-ақ медициналық құжаттар, анықтамалар цифрлық форматқа ауыстырылып жатыр. Қазір 5 құжат цифрлық форматта ұсынылады. Осы жылы тағы 3 құжат цифрлық форматқа ауысады екен. Бұрын тек қағаз жүзінде ресімделген медициналық анықтамалар, мысалы, 073/у (көлік жүргізу үшін), 075/у (медициналық тексеру), баланың денсаулық паспорты және жеке жұмысшыларға арналған медициналық кітапшалар енді электронды форматта қолжетімді. Оларды eGov арқылы алуға болады. Бұл – заңсыз беріліп жатқан құжаттар айналымын қысқартуға мүмкіндік береді. Цифрландыру бағытында іске асып жатқан жұмыстардың жөн-жобасы осындай.