Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылына дейін «Келешек мектептері» жобасымен үш білім ордасы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.
Одан бөлек, Оралдағы №8 мектептің жаңа ғимараты да қыркүйек айында есігін ашады. Жалпы биыл өңірде 15 мектеп салынып жатыр.
Оралдың орталығындағы №8 мектеп осыдан 5 жыл бұрын апатты деп танылды. Әу баста білім ордасына күрделі жөндеу жоспарланғанымен, кейін 70 жылдық ескі ғимараттың жамап-жасқауға келмейтіні белгілі болған.
Орнына төрт жылдан кейін жаңа нысанның қадасы қағылды. Қажетті қаржы білім инфрақұрылымын қолдау қорынан қаралды.
Асқар Қосжанов, құрылыс компаниясының өкілі:
- Күні бүгін ішкі әрлеу жұмыстары 75% аяқталды. Су мен жылу құбырын жүргізуге қам жасап жатырмыз. Электр желісі де дайын. Сыртқы инженерлік желілерді тартып болғаннан кейін аумақты абаттандыруға кірісеміз. Біз мектепті қыркүйек айында пайдалануға береміз деп сеніммен айта аламын.
Өңірде биыл 15 мектептің құрылысы жүріп жатса, соның 6-ы «Келешек мектептері» жобасымен салынып жатыр. Бөрлі ауданындағы 3 білім ордасы жыл соңына дейін тапсырылады. Бәйтерек ауданындағы Байқоныс және Достық мектептері жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. Оралдағы Зашаған кентіндегі 600 орындық мектепті де қыркүйекке дейін аяқтау көзделген. Бірақ құрылыс қарқыны баяу. Нысандарды аралап шыққан облыс әкімі Нариман Төреғалиев мердігерлерге тиісті тапсырма берді.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Облыстағы салынып жатқан мектептерге жауапты мекеме «Samruk Construction» мекемесі. Осы жерде басшылары жүр. Олардың да алдына тапсырма қойып отырмын. Себебі уақытында барлық мектептер аяқталуы керек. Үш мектеп Бөрлі ауданында. Мен жақында Бөрлі ауданына барам. Сол мектептерді аралайтын боламын. Жалпы біздің алдымызға қойған Мемлекет басшысының және Үкімет басшысының таспырмалары менің жеке бақылауымда тұр.
Апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін толық шешу мақсатында өңірде тағы 8 мектептің құрылысы қолға алынады.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап