Танымал продюсер Баян Мақсатқызының күйеуі Тұрсынғали Алагөзов өзінің "Galanz Bottlers" атты компаниясында 15 жылдан астам уақыт қызмет еткен қол астындағы 100 қызметкерге 100 пәтер табыстады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Баян ханым өзінің Instagram парақшасында бөлісті. Айтуынша , атында ешқандай баспанасы жоқ, ұзақ уақыт бойы компанияда қызмет атқарып келе жатқан қызметкерлерді арнайы таңдап алған. Ал пәтерлер Алматы қаласының ең сапалы пәтерлерінің бірі. Мердігер — "Hayat Construction" компаниясы.
"Тұрсын, мен бүкіл Қазақстанға сенімен мақтанатынымды айтқым келеді. Сені мақтан тұтамын! Жарайсың! Бүгін қызметкерлерді шақырды. Бірақ олар не үшін шақырғанын білмейді. Оларға тосын сый болды. Барлығы мақтау грамоталарын табыстайды деп ойлады. Неге күйеуіммен мақтанамын? Себебі, ол әрқашан өз қызметкерлерін ойлап жүреді. Президентіміз айтқандай әлеуметтік жағдайларын ойлайтын бизнесмен. Бұлай жасау екінің бірінің қолынан келмейді", — деді ол.
Тұрсын Алагөзов бұл идея 2024 жылы келгенін атап өтті.
«Бұл адамдар менімен 20 жыл бойы еңбек еткен адамдар. Комиссия құрып, нағыз мұқтаж жандарды таңдадық. Олардың көпшілігінде бірде-бір пәтер жоқ», – деді ол.
Сондай-ақ, ол баспанаға мұқтаж адамдардың басым бөлігі – қарапайым жұмысшылар екенін ерекше атап өтті. Мысалы, еден жуатын кісілер, жүргізушілер, жүк тасымалына жауапты адамдар.