Бүгіннен бастап зейнетақы жинақтаушы қорының есебінен тіс емдетуге өтінім қабылданбайды. Бұл бағыттағы қызмет сәуір айына дейін тоқтатылды. "Отбасы банк" мұндай өзгеріске қыруар қаражаттың стоматологияға емес, басқа мақсатта жұмсалуы себеп деп отыр. Тіпті кейбір азаматтар алаяқтық схемаларды жүзеге асырған.

Альмира Оразбай, тілші:

- 32 тістің қадірін қақсағанда ғана білесің деген сөз бар. Оның күтіміне уақытылы назар аудармасаңыз, стоматология қызметіндегі баға маңына да жолатпауы мүмкін. Бір ғана Астанада тіс жұлдыру үшін кем дегенде 15 мың теңгеңіз болуы керек. Ал оны емдетіп пломба салуға үстінен 15-20 мың теңге қосуға тура келеді. Имплант бағасы тіпті 100 мың теңгеден жоғары, арғысы миллионның үстіне шығып кетеді. Бірақ әрбір қызмет жұмыстың күрделілігіне байланысты, дейді мамандар.

Рауан Габдуллин, стоматологиялық клиникалар желісінің басшысы:

- Біздің клиникада барлық стоматологиялық қызмет көрсетіледі. Тіс жұлу, балаларды емдеуден бастап өте күрделі реабилитацияларға дейін жасаймыз. Тіс емдеудің бағасы 15-200 мың теңгеге дейін. Имплант қойғанның бағасы 135 мыңнан 600 мыңға дейін. Ал келесі қадамдарды протез жасау 30 мыңнан 350 мыңға дейін болады. Кеңес алуға келген соң нақты бағасын айтамыз.

2021 жылы ел тұрғындары зейнетақы жинақтарының бір бөлігіне стоматологиялық қызметтерді алу мүмкіндігіне ие болды. Дәлірек айтсақ, қазақстандықтар протездеу мен имплант салу игілігін өзінің маңдай терімен тапқан табысы есебінен көрді.

Рауан Габдуллин, стоматологиялық клиникалар желісінің басшысы:

- Пациент бізге келеді, біз оған емдеу жоспарын құрастырамыз. Содан кейін ол өзінің бекітілген емханасына барып, дәрігер қорытындысын алады. Сосын осы 2 құжатпен «Отбасы банк» филиалына барып немесе телефон шалып, арнайы шот ашады. Шот арқылы олар сол ақшаны бізге аударып, біз емдеуді бастаймыз.

Отбасы банкінің «енпф» платформасындағы ақпаратты алсақ. 2021 жыл мен биылғы 20 тамызға дейін «стоматологиялық қызметтер» бағыты бойынша 757 миллиард теңгеге 795 мыңнан астам транзакция жасалған. Алайда «стоматологиялық қызмет аламыз» деген желеумен кейбір қазақстандықтар айласын іске асырған. Бұл тұста ел тұрғындары, алаяқтардың кесірінен, нағыз көмекке мұқтаж жандар жапа шегіп отыр деп, зейнетақыны беру бағдарламасын әрі қарай жалғастыруды сұрайды.

Рамазан Саттарұлы, қала тұрғыны:

- Бүгінде стоматологиялық қызмет, емдік шаралар өте қымбат. Сондықтан менің ойымша, жинақталған ақшаны жұмсаған тиімді деп ойлаймын. Ал егер оның орнына тек осы шараға тағы бір кредит алып жатсаң, біз оның үстемақысын төлеп жатсақ, салыстырсаңыз едәуір қомақты қаржы. Сондықтан менің ойымша тура қазір теңдесі жоқ өте ыңғайлы амалдардың бірі. Учаскелік дәрігерім келісіп қол қойғаннан кейін, бір күннің ішінде ақшаны ем-домға жаратып жатырмыз.

Күмәнді схема арқылы қолды болған қаржы тек 20 клиниканың шотына түскен. Бір ғана мысал. Атыраудағы тіс емаханасына 20 миллиардтан астам ақша аударылыпты. Бір азамат зейнетақысының бөлігін пайдалану үшін, банкке тіпті 11 рет өтініш беріп, 32 миллион теңге алған. Қазір Отбасы банкі осы секілді күмәнді істерді құқық қорғау органдарына тапсырды. Ал Қаржы мониторинг агенттігі бүгінде клиникаларды тексеруге кірісіп кетті.

Альмира Оразбай Мерей Талап