Қарыз күліп келіп, жылап қайтады. Себебі қазір қарызды өтеуден бұрын оны алу оңай болып тұр. Ресми дерекке сүйенсек, қазақстандықтар қаржылық ұйымдарға 23 трлн теңге берешек. Өкініштісі сол, жылдан жылға несиеге ниеттілер саны артпаса, кеміген емес. Мәселен, биыл олардың қатары 2 пайызға көбейген. Азаматтарды қарыз қамытынан құтқарудың амалы бар ма?

Халықтың берешегі жылдан жылға көбейіп барады. Қазірдің өзінде азаматтар банктерге бас-аяғы 23 тлрн теңге қарыз. Өкінштісі сол, мұны ауыздықтамаса жағдай тіпті асқынуы мүмкін. Иә, бұлай дабыл қаққалы қашан? Бүгінде халықты қарыз қамытынан құтқаруға мемлекет түбегейлі болса ма, там тұмдап кірісіп жатыр. Мәселен, жуырда елімізде өз еркіңмен несие алудан бас тарту механизмі іске қосылды. Мамандардың айтуынша, жаңашылдық 4,5 млн жуық тұрғынды асығыс әрекеттен аман сақтап қалған.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір адамдарың өзіне өзі шектеу қоюдың мақсаты: айлакерлерге жем болмайын деп жасап жатыр. Мысалы, eGov-тың ішінде шектеу тұрса, ол сіздің атыңыздан несие ала алмайды. Бұл өте жақсы механизм айлакерліктен қорғау.

Алайда бұл қордалы мәселенің шешімі емес. Мұны мәжілісмендер де, құзырлы орган өкілдері де мойындайды. Сондықтан бар үміт- жаңа заң жобасында. Мәжілісте қызу талқыға түскен құжат бұқаранының берешек бейнетін жеңілдетуі тиіс. Мәселен, енді несие бермес бұрын қаржы ұйымдары клиенттің тұрақты табысына ғана назар аударады. Яғни бұрынғыдай жанама кіріс көзі есепке алынбайды. Тек ай сайынғы зейнетақы қоры түсімдері бойынша азаматтың нақты төлем қабілеті қалыптасады.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Елде Берешекті ұжымдық реттеу тетігі енгізілді. Кейбір банктер мен микроқаржылық ұйымдар азаматтың қаржылық жағдайы қиын екенін біле тұра, ешқандай көмек қолын созбайды. Бұл әсіресе берешегі қордаланып қалған проблкемалық несиелерге қатысты. Жаңа платформа осы мәселені шешуге бағытталған. Біз оған тұтынушылық несиесі көп ірі банктер мен оннан аса қаржылық ұйымды қостық. Олар енді қарыз төлеушінің қазіргі қаржылық жағдайын ескере отырып, ай сайынғы төлемнің жеңілтетілген түрін ұсынады.

Саладағы тағы бір соны өзгеріс: онлайн рәсімделетін қарызға қатысты. Енді оны алмас бұрын азаматқа ойлануға уақыт беріледі. Яғни ақша бірден аударылмайды. Мұндағы мақсат – тұтынушыға тағы бір мәрте бәрін екшеп алуға мүмкіндік беру. Бұл тәсіл аңғал азаматтарды алаяқтардың арбауынан аман алып қалуға да септігін тигізбек. Мәселен, банктен 589 мың теңгеден бастап 1 млн теңгеге дейін онлайн қарыз алу үшін 8 сағат, ал 1 млн теңгеден көп қарыз рәсімдеу үшін «шешім қабылдауға» 24 сағат беріледі. Сонымен қатар онлайн микрокредит сомасы 294 мың теңгеден асса да бір тәулік күтуге тура келеді.

Дмитрий Акмаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі:

- Егер азаматтар осындай несие алатын болса, 24 сағатқа дейін «шешім қабылдау» кезеңі белгіленеді. Осы аралықта банк бұл алаяқтардың әрекеті емес пе, қарыз алушы шынымен де өз еркімен несие рәсімдеп жатыр ма соны анықтайды. Бірақ банк пен клиент арасында келісімшарт жасалып тұрады, ал ақша тексерістен кейін ғана аударылады.

Ресми дерекке сүйенсек, елде 1 млн-ға жуық адам несиесінің төлем уақытын үш ай өткізіп алған. Иә, қарыздың күліп келіп, жылап қайтатыны жайында мамандар да ескертіп жатыр. Қалай десек те жауапкершілік жүгі түптеп келгенде өзімізге түседі. Сондықтан несие деп жүріп қолдағы бар несібемізден айырылып қалмайық.

Авторы: Назерке Тоқжан