Жыл сайын өткізілетін конкурстың биылғы жеңімпаздарын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова арнайы марапаттады.
Байқау жеңімпаздарына 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы табысталды. Айта кетейік, биыл «Үздік педагог» республикалық байқауының іріктеу кезеңіне 1468 маман қатысып, одан сүрінбеген 793 ұстаз облыстық деңгейде бақ сынады. Бұған дейін елде 700-ден астам мұғалім «Үздік» атанған. Сондай-ақ бүгін білім беру саласының қызметкерлеріне де мемлекеттік наградалар табысталды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Мемлекет қолдауымен білім беру саласында ауқымды бастамалар жүйелі жүзеге асырылуда. Мысалы, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Мұғалімдердің жалақысы өсті. Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы жобасы аясында заманауи басшылар пулы қалыптасты. 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 білім беру нысаны балалар игілігіне берілді. 3 мыңға жуық мектепте модернизация жүргізілді.
Тоғжан Лаубай, мұғалім /Тараз қаласы/:
- Үздік педагог атағын алғаннан кейін жауапкершілігі де артқандай болып тұр. Осы конкурстан өтіп, мінберде бой көрсеткеніміз әрқайсымыз үшін қуаныш деп білемін.