2025 жылдың 1 – қарашасынан бастап елімізде тұрғын үй, көші-қон саласына қатысты маңызды бағдарламалар басталады, деп жазады Egemen.kz.

3 – қарашадан бастап «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларына өтінім қабылданады.

«Наурыз» бағдарламасымен баспаналы болуға үміттілер өтінімді 3 қараша – 1 желтоқсан аралығында беруі тиіс.

Бағдарламаға «Отбасы банкінің» салымшылары, депозиті және шотында кемі 2 миллион жинағы бар азаматтар қатыса алады. Үміткердің және отбасы мүшелерінің атына кейінгі 5 жылда үй ресімделмеген болуы шарт.

Таза әрленген жаңа тұрғын үй үшін бастапқы жарна — 10 пайыз, әрленбеген бастапқы немесе қайталама тұрғын үй үшін — 20 пайыз белгіленген.

Өңірдегі азаматтар үшін баспана бағасының ең жоғарғы сомасы — 30 миллион болса, Астана мен Алматы қалаларынынан баспана сатып алушылар үшін — 36 миллион теңге.

Өтінімді Baspana Market порталы арқылы беруге болады. Несиені өтеу мерзімі — 19 жыл.

Өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары және ирригация мамандары «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына өтінімді 3 – қарашадан бастап бере алады. Бағдарлама аясында биыл 50 млрд. көлемінде 2000 несие беру жоспарланған.

Өтінім берушінің кейінгі 6 айдағы ресми табысы, өзі мен отбасы мүшелерінің (зайыбы, кәмелетке толмаған балалары) атында кейінгі 5 жылда баспана бар-жоғы тексеріледі. Сондай-ақ үміткердің «Отбасы банкінде» шоты ашылып, онда 2 миллион теңге болуы тиіс.

Несие шарттары мен бастапқы жарна мөлшері мен несие мерзімі «Наурыз» бағдарламасымен бірдей.

Мигранттарды тіркеу тәртібі жеңілдетіледі

2025 жылдың 1 қарашасына дейін көші – қон процестерін есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Ол қарашадан бастап барлық рәсімді бір сервисте біріктіріп, мемлекеттік органдар мен келушілер арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетеді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жаңа модель мигрант сапарының мақсатын алдын ала білуге, тексерулерді автоматтандыруға және көші – қон ағындарын болжауға мүмкіндік береді.

Субсидияланатын жұмыс орындарына өтінімдерді қабылдау басталады

Осы жылдың 1 – қарашасынан 31 – желтоқсанына дейін жұмыс берушілер 2026 жылға субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім бере алады. Өтінімдер Enbek.kz арқылы электрондық форматта қабылданады.

Магистратура мен докторантураға түсуге ынталы білім алушылар үшін 28 – қазан басталған құжат қабылдау рәсімі қараша айында да жалғасады.

Магистратура үшін –14 қараша;

Докторантура үшін – 27 қараша.

Тестілеу құны:

Магистратура –14 693 теңге;

Докторантура – 21 072 теңге.

Ал өтініш Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында толтырылады.