Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры М.Қожахметова мен А.Молдағалиевтің «Мәншүк» атты музыкалық драма жанрындағы қойылымының премье­­­ра­сын көрер­мен назарына ұсынды. Шымылдық ашылған сәттен-ақ кіш­кентай қыздың бейнесі көрерменді баурап алып, әсерлі сезім­ге бөлейді. Қойылымда Мәншүк өміріндегі үш маңызды кезең көрсетіледі.

Драманың алғашқы бөлі­мін­де сұрапыл соғыс уақытына дейінгі қазақы салт-дәстүр көрініс таба­ды: бала сүйе алма­ған інісі мен келі­ні­не ағасы өз бауырындағы 3 жасар Мон­ша­ғын аманаттап береді. Сахнада балдырған Мәншүк­тің Ахмет пен Әминаға бірден бауыр басып, жаңа отбасында жылу­лық пен қамқорлыққа бөленіп, қала­да тәрбиеленіп өсуі әсерлі көрсеті­ле­ді. Дәл осы ортада Мәншүк білім­ге құштар, өжет, ұлтжанды қыз болып тәр­бие­ле­неді. Он бес жасында бәйгеге қатысып, қамшы ұтып алуы жай ғана ермек емес, оның мінезіндегі ерлік пен жігердің бел­гісі еді. Қолындағы қамшы – тағ­ды­рын өзі шешуге бел буған қыз­дың алғашқы үлкен жеңісі әрі қада­мы.

Енді, міне, жанынан артық жақсы көрген әкесінен тәлім ал­ған ерке қыз оның жолын қуып, дәрігерлік мамандықты меңгеріп шығады. Алайда қуанышпен қатар келген қайғы бәрін төңкеріп жіберді. «Халық жауы» деген жаламен әкесі өлім жазасына кесілді. Бұл әділетсіздік жас қыздың жанын жаралап, намысын оятты. Алаш қайраткері саналған Ахметғали Мәметов тұтқынға түскенге дейін дәрігерлік қызмет атқарып, Алматы қаласында жұ­мыс істеген.

Әкесінің есімін ақтау, оның адал атына дақ түсірмеу Мән­шүктің азаматтық борышына айналды. Сөйтіп, ол майданға өз еркімен аттанады. 1942 жылы Мәншүк Мәметова 100-атқыштар бригадасының құрамында ұрысқа кіріп, 1943 жылы 15 қазанда Невель қала­сы үшін шешуші шайқаста соңғы демі таусылғанша пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза табады.

Сондай-ақ қойылымда Әзілхан Нұршайықов, Жұбан Молда­ғалиев секілді жазушы­лар­дың бейнелері де көрініс тапты. Мәселен, ержүрек қызбен майданда бірге болған жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Невель түбінде» атты деректі повесінде Мәншүктің соңғы сәт­тері сипатталған. Онда: «15 қазанда Мәншүк қаза тапты. Бұл қаралы хабарды біз сол қырғын ұрыс болған күннің түнінде естіп, қабырғамыз қайысты», деп жазып, батыр қыздың жа­уынгерлер жүрегіндегі орны мен ерлігінің ел есінде қалу маңызын жеткізеді.

Ал Жұбан Молдағалиев Мән­шүк­тің бейнесін ұлт рухания­тымен байланыстыра отырып жырға қосты. Оның әйгілі «Мен – қазақпын» поэмасында: «Мен – Жамбылмын… Мен – Әлия, мен – Мәншүк, мен – Төлеген» деген жолдар арқылы ақын Мәншүкті қазақтың ерлік пен намыстың рәмізі ретінде көрсетіп, батыр­лық­ты поэтикалық биік дең­гей­ге көтереді. Мәншүк тарихи тұлға ғана емес, ұлттық рухтың көрінісі ретінде де бейне­ле­неді. Бұл жазушылардың сах­надағы бейнесі қойылымға танымдық және тәрбиелік маңыз беріп, көркемдік мазмұнын тереңдете түсті.

Мәншүк рөлін сомдау ар­қылы қойылым бір тұлға­ның тағды­рын ғана емес, тұтас бір дәуірдің үнін жеткізді. Сол үнді толықтыра түс­­кен тағы бір көр­­кемдік шешім – сах­нада өмір сүр­ген Жамбыл Жабаев пен Роза Бағланова бейне­лері.

Жамбыл жыраудың сахнадағы келбеті Мәншүк ерлігінің тарихи тамырын тереңнен тартып, көрер­мен­ге өткен мен бүгін­нің арасын жалғағандай әсер қал­­дыр­ды.

Сол сияқты сахна төрінде шыр­қалған Роза Бағланованың орын­дауындағы «Ах, Самара, городок» әні қойылымды жанды етті, көрермен шынайы сезімге бөленіп, қосыла ән шырқады. Бұл ән – музыкалық нөмір ғана емес, басты кейіпкердің ішкі жан дүниесінің, нәзік толға­ны­сының көркем тілде өрілген көрінісі еді. Ән арқылы Мәншүктің жүрегінде тұтанған махаббат сезімі, жастықтың жалын­даған сәттері, соғыстың суық шын­дығы арасындағы нәзік үміт оты айқын сезілді.

Музыканың күшімен жеткі­зіл­ген бұл көрініс көрерменге Мәншүкті батыр ғана емес, нәзік жүректі, арманшыл ару ретінде де тануға мүмкіндік береді. Сахна­­да­ғы осы сәт – қойылымның эмоция­­лық шыңы десе болған­дай. Мәншүк тұл­ғасын адамдық тұрғыдан то­­лық­тырып, оның ішкі әлеміне терең үңілуге жол ашты.

Осындай ауқымды ой мен тарихты шеберлікпен жеткізе біліп, қойылымның сахналық нұс­қа­сын сәтті жүзеге асырған – Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайрат­­кері, қоюшы режиссёр Асхат Маемиров.

Мәншүк Мәметованың рөлін Мақпал Дүйсен мен Гүлден Құр­мет сомдады. 15 жастағы бей­не­­сін Айдана Жетешова, ал 6 жасар шағын Дана Асхатқызы ойнады.

Қойылым соңында көрермен тік тұрып, ұзақ қол соқты. Бірі көз жасына ерік берсе, енді бірі үнсіз тебіренгендей көрінді.

Жібек БОЛЫСБЕК,

Нұрзат АМАНТАЙ,

Еуразия ұлттық университетінің студенттері