Бүгін Алматы қаласында "Орталық нерв жүйесі (ОНЖ) ісіктерімен ауыратын балаларға медициналық көмек көрсету жүйесіндегі проблемалар және оларды шешу жолдары" тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.


Іс-шара барысында ұлттық және халықаралық сарапшылар тәжірибе алмасып, осы бағыттағы өзекті мәселелерді жан-жақты қарастырды.

Жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, балалар онкогематологиясы мен нейрохирургия саласының жетекші отандық және шетелдік мамандары, сондай-ақ профильді медициналық ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

Іс-шараны ашқан Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басшысы Мағрипа Ембергенова балалар онкогематологиясын, соның ішінде нейроонкологияны дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, елімізде жоғары технологиялық диагностика және емдеу әдістері кезең-кезеңімен енгізілуде. Атап айтқанда, иммуногистохимия, иммуногенотиптеу, арнайы онкомаркерлерді анықтау, сүйек және жұмсақ тін саркомалары кезінде жоғары дозалы химиотерапия, сондай-ақ ағзаны сақтайтын хирургиялық емдеу тәсілдері кеңінен қолданылып келеді.

Жыл сайын 70-тен астам гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау, шамамен 15 буынды эндопротездеу және селективті интраартериялық химиотерапия жүргізіледі.

Сонымен қатар, елордадағы Ұлттық онкология орталығы базасында биылғы жылдың ортасына қарай протондық терапия мен радиойодтерапия қолжетімді болмақ.

Алдағы жылдары балалар онкогематологиясының заманауи бағыттары бойынша мамандарды шетелде оқыту жоспарланған. Биыл 20 дәрігер Түркиядағы "Флоренс Найтингейл" клиникасында балалар онкологиясы бойынша біліктілігін арттырады.

Қазіргі таңда онкогематологиялық аурулары бар балаларды емдеуге арналған дәрілік заттар БҰҰ жүйесіне кіретін халықаралық ұйымдар арқылы сатып алынып жатыр. Сонымен бірге дәрі-дәрмек тізімін кеңейту жұмыстары жүргізілуде, оны 44 атауға дейін ұлғайту көзделген.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар ОНЖ ісіктерімен ауыратын балаларға көрсетілетін медициналық көмектің қазіргі жағдайын, өзекті мәселелерді, оларды шешу жолдарын, халықаралық тәжірибе мен заманауи тәсілдерді, сондай-ақ клиникалық хаттамалардың рөлі мен кәсіби ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.