Көрші елде бұрыннан үйреншікті болып келген нәрселер үшін енді азаматтарға айыппұл салынуы мүмкін.
9 мамырға орай ресейліктерге Георгий ленталарын қай жерге тағуға және байлауға болмайтыны қатаң ескертілді. Мысалы, бұдан былай оны қолда шынтақтан төмен жақта тағуға болмайды. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
Адвокат Наталья Малиновская ресейліктерге киімге Георгий лентасын таққан кезде аса мұқият болу керектігін еске салды. Әйтпесе, көшеде полиция ұстап әкетуі ғажап емес. Оның түсіндіруінше, таспаны денеде шынтақ деңгейінен төмен орналастыру рұқсат етілмейтін жағдайдың бірі, өйткені бұл оның ластануына, жыртылуына соқтыруы ықтимал.
"Георгий таспасын иттердің қарғыбауына немесе автомобильдердің тұтқаларына таға салу да жауапкершілікке әкеп соғады. Өйткені бұл біріншіден, оның "РФ әскери даңқының символы" мәртебесіне қайшы келеді, екіншіден, лентаның далада бүлінуіне тікелей жағдай жасайды", – деді адвокат.
Бұдан бөлек, Мемдума депутаты Сергей Гаврилов РФ символын көпшілік алдында қорлау ауыр жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті, деп мәлім етті RT. Бұған әлгі таспаны жерге тастау, аяқпен таптау, жырту немесе өртеу жағдайлары және осының бәрін видеоға түсіру жатады. Мұндай әрекеттер үшін адамдар РФ Қылмыстық кодексінің 354.1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазалануы ықтимал.
Гаврилов қазіргі уақытта Георгий лентасы жай ғана шүберек еместігін, ол заң бойынша "РФ әскери даңқының символы" ретінде ресми түрде бекітілгенін еске салды. Оған көпшілік алдында пайдаланудың ерекше ережелері қолданылады. Бір жаманы, заңда оны тағуға тыйым салынған орындардың нақты тізімі бекітілмеген, салдарынан, не үшін жазалау керектігін құқық қорғау органдары және соттар шешеді.
Сынған ыдыс-аяқты тастау айыппұлға әкеледі
Ресейліктерге тұрмыстық қоқысқа байланысты күтпеген айыппұлдар қарастырылғаны ескертілді. Заңгер Михаил Салкин сынған кесе, тәрелке сияқты ыдыстарды дұрыс утилизацияламағандар 3 мың рубльге дейінгі әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін екенін мәлім етті, деп жазды "Абзац".
"Айыппұл әрине, сынған ыдыс үшін емес, қалдықтармен жұмыс істеу тәртібін бұзғаны үшін деп салынады. Егер сынықтарды қоқыс контейнерінің жанына, тұрғын үйдің баспалдақ алаңына, қоқыс құбырының қасына, аулаға шаша салса немесе мұндай қалдықтарға арналмаған контейнерге тастаса, айыппұл салынады", – деді заңгер.
Сарапшы бұл жаза РФ ӘҚБтК-нің 8.2-бабында қарастырылғанын нақтылады. Егер адам өзгелерге жарақат салуы ықтимал қауіпті қоқысты контейнерлердің жанына немесе белгіленбеген жерге қалдырса, оған 2-ден 3 мың рубльге дейін айыппұл салынады.
Қарға-көгершінді тамақтандыруға тыйым салынды
Ресейліктер үй ауласында, тұрғындардың ортақ пайдалану аумағында қарғаларды, көгершіндерді және басқа құстарды азықтандырса, 5 мың рубльге дейін айыппұл арқалау қаупі төніп тұр, деп хабарлады РФ заңгерлер қауымдастығы жанындағы заңгер-блогерлер одағының мүшесі Олеся Чернокова "РИА Новости" агенттігіне сұхбатында.
"Егер құстарды тамақтандыру жергілікті абаттандыру ережелерін бұзса және қоректендіргеннен кейін аула тазаланбай, ластанған күйінде қалса, 3 мыңнан 5 мың рубльге дейін айыппұл салуға барлық негіз бар. Айыппұл РФ ӘҚБтК-нің 6.3-бабын (санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы бұзу) және 8.2-бабын (өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарды сақтамау) бұзғаны үшін қарастырылған", – деді маман.
Жаза тек құстарды тамақтандыру жүйелі сипатта болғанда, қоршаған ортаға зиян келтірілгенде және ауланы ластаған жағдайда ғана қолданылады. Қайталап бұзған жағдайда айыппұл көлемі екі есе артады.
Кеңестік "декорға" тыйым салына ма?
КСРО кезінде, кеңестік республикаларда машина дөңгелектері "абаттандыру" мақсатында пайдаланылатын. Мысалы, олар тік күйінде жерге жартылай көміліп, бала-шаға секіріп, жаттығатын "воркаут-аймақтың" бір бөлігіне айналатын. Қалаларда үй ауласында доңғалақтар тасталып, ішіне қара топырақ толтырылып, гүл егілетін. Енді мұның бәрі көршіде тыйым салынған жайтқа айналды.
Ресейде автокөлік шиналарынан (покрышка) аққу жасауға тыйым салынды. Жаңартылған заңнамаға сәйкес, бұл материал IV қауіптілік класындағы өндіріс және тұтыну қалдықтарына жатады, деп жазды ТАСС.
"Ресейліктерге тұрғын үйлердің жанында көлік шинасының ішіне гүлзар егілгені үшін 5 мың рубльге дейін айыппұл салынуы, тіпті қылмыстық жауапкершілік те жүктелуі мүмкін. Ресей заңнамасы бойынша шиналар IV қауіптілік класындағы қалдықтарға жатқызылды. Тиісінше, көлік дөңгелегін үй аумағына жинау, соның ішінде оны шағын архитектуралық композиция ретінде пайдалану – қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру болып саналады", – деді РФ заңгерлер қауымдастығының экология жөніндегі комиссиясының жетекшісі Евгений Жаров.
Ол қадағалау органдары мен соттар мұндай әрекеттерді бірден заң бұзушылық деп түсінетінін нықтады. Шиналарды пайдалануға рұқсат алу үшін оны алдын ала үгіндіге немесе басқа қауіпсіз материалға қайта өңдеу талап етіледі екен, бірақ тұрмыстық жағдайда бұлай жасау мүмкін емес. Тек арнайы зауыттар ғана солай терең өңдей алады.
Егер шиналар гүлзарларды, қоршауларды және басқа да декоративті конструкцияларды рәсімдеу үшін пайдаланылса, бұл қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру ретінде сараланады. Жаров нақтылағандай, егер азаматтар бұл шиналарды пайдалану немесе өртеу арқылы қоршаған ортаға немесе адамдардың денсаулығына зиян келтірсе, мысалы, топыраққа күлі және басқа улы заттары түссе, жаза қылмыстық жауапкершілікке дейін қатайтылуы мүмкін.
Аулада көлік жуған жазаланады
Адвокат Андрей Алешкин биылдан бастап РФ-да аулада көлік жуғаны үшін қомақты айыппұл қарастырылғанын қаперге салды.
"Аулада көлік жуу бірнеше негіз бойынша бірнеше әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Біріншіден, қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарды бұзуға жатады. Көлік шанағына қонған лас кірді, реагенттерді, жол шаңын және басқа улы заттарды жерге жуып тастау арқылы көлік иелері адамдарға, үй жануарларына және өсімдіктерге зиян келтіруі мүмкін", – деді заңгер aif.ru басылымына сұхбатында.
Мұндай бұзушылық үшін тағайындалатын айыппұл сомасы жеке тұлғалар үшін 2-ден 3 мың рубльге дейін құбылады. Заңды тұлғалар үшін жаза 100-ден 250 мың рубльге дейін болады. Сондай-ақ, компанияның қызметі 90 күнге дейін тоқтатылуы мүмкін.
Екіншіден, аулада көлік жуу "санитарлық нормаларды бұзушылық" ден танылады. Мұндай жағдайда қарапайым азаматтар үшін айыппұл 1 мың рубльге дейін жетеді. Заңды тұлғалар үшін жаза 20 мың рубльге дейінгі айыппұлды немесе 90 күнге дейінгі мерзімге қызметін тоқтатуды қарастырады. Алешкин "темір тұлпар" иелеріне әкімшілік бапты бұзбау үшін бұдан былай аулада көлікті жай ғана шүберекпен сүртуге кеңес берді.
Саңырауқұлақ тергені үшін түрмеге қамалады
Өз кезегінде заңгер Илья Русяев те жаңарған ресейлік заңнамадан жаға ұстататын жаңалық тапты. Сирек кездесетін саңырауқұлақтарды жинағаны және саудаға шығарғаны үшін аса қатаң жауапкершілік енгізілді. Оларды жинағаны, сақтағаны немесе сатқаны үшін ресейліктерге 2,5 мыңнан 5 мың рубльге дейін, лауазымды тұлғаларға – 20 мыңға дейін, компанияларға – 1 млн рубльге дейін айыппұл салу қаупі төнеді.
Шектеулерге Қызыл кітапқа енген барлық түрлер кірді. Әсіресе, "мацутакэ" деп аталатын саңырауқұлақты тергені немесе саудалағаны үшін ресейліктерге өте қатаң шаралар қарастырылған: 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Үй гүлдерін өсіруге болмайды
Ресейде енді бірқатар үй гүлдерін үйде немесе бақшада өсіруге тыйым салынды, оны елемеу жазаға әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы адвокат Яна Ковалевская хабарлады. Газета.ru басылымына сұхбатында ол өсіруге тыйым салынған өсімдіктер тізіміне мыналар кіретінін хабарлады: ипомея, гавай раушаны, көріпкел шалфейі (шалфей предсказателей), жасыл психотрия, ұйықтататын көкнәр, кокаин бұтасы, қарасора және басқалар.
Сарапшы үйде гүл өсіру үшін тұқым сатып алу немесе құтыдағы дайын гүлді алу кезінде абай болуға шақырды. Себебі, өсіруге тыйым салынған гүлдер көбінесе "Көк жұлдыз", "Ұшатын тәрелке", "Мұзкәмпит" сияқты маркетингтік, экзотикалық атаулармен атала береді.
Сарапшы шағын көлемдегі егістіктер үшін 5 мың рубльге дейін әкімшілік айыппұл салынатынын (РФ ӘҚБтК 10.5.1-бабы) ескертті. Егер өсімдіктер ірі мөлшерде өсірілсе, онда тіпті РФ Қылмыстық кодексінің 231-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындайды. Бұл жағдайда 300 мың рубльге дейін айыппұл қаупі төнеді.
Бұған дейін заңгер Илья Русяев биылғы 1 наурыздан бастап қауіпті өсімдіктер өсетін саяжай учаскелерінің иелеріне 700 мың рубльге дейінгі мөлшерде айыппұл салынатыны туралы құлағдар еткен болатын.
Егер сатып алушы тегін пакеттерді дүкеннен көп мөлшерде алып кетсе, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл жаза ретейл желілерінің ілгерілетуімен енгізілсе керек. Рунетте азаматтардың тегін "майкаларды" рулонымен сөмкесіне тығып әкететіні түсірілген бейнежазбалар кездеседі.
Мұндай бұзушылық үшін 3 мың рубльден басталатын айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған, деп мәлімдеді Кутафин атындағы университеттің азаматтық құқық кафедрасының оқытушысы Виталий Сбитнев.
"Дүкеннен тым көп мөлшерде, мысалы, бір немесе екі орам пакетті алып кеткен ресейліктер ұсақ ұрлығы үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл ретте егер ұрланған заттың құны 2,5 мың рублден аспаса, онда ол адам РФ ӘҚБтК-нің 7.27-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады", – деді сарапшы ТАСС агенттігіне.
Заңгер құқық бұзушылық үшін 10-нан 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу немесе 120 сағатқа дейінгі мерзімге міндетті жұмыстар тағайындалуы мүмкін екенін қосты. Егер ұрланған заттың құны 2,5 мың рублден асса, онда тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылуы ықтимал.
Кір жаю және кілем қағу үшін айыппұл
Ресейде жуылған киім-кешек және басқасын балконнан тыс немесе терезе сыртына жаю 15 мың рубльге дейінгі айыппұлға айналып шыға келуі мүмкін. Сөз көппәтерлі үйдің қасбеттері туралы болып отыр: сыртқа кір жаю төтенше жағдай кезінде эвакуациялауға кедергі келтіруі мүмкін деп танылды. Бұл туралы Кутафин атындағы университет (ММЗУ) отбасылық және тұрғын үй құқығы кафедрасының оқытушысы Георгий Пачулия хабарлады.
Федералдық талаптардан бөлек, РФ-тің көптеген өңірлерінде Ғимараттың сыртқы түрін өзгертуге қатысты жергілікті ережелер енгізілген. Балконға кір жаю "ғимарат сыртын уақытша өзгерту" деп танылады.
РФ субъектілерінде абаттандыру бойынша ережелер бар: олар тұрғын үйдің көшеге қарайтын қасбеттеріндегі балкондар мен терезелерге кілемдерді, киімдерді, кірлерді ілуге тікелей тыйым салады, деп ескертті заңгер.
Бұған дейін Плеханов атындағы РЭУ азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының доценті Андрей Моисеев аулада кілем қаққаны үшін 5 мың рублге дейін айыппұл салынуы мүмкін екенін хабарлаған болатын. Айыппұлдар сондай-ақ тазалық пен тәртіп туралы аймақтық нормаларды, тыныштық туралы заңды және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаумен байланыстырылады.
Ресейдегі шектеулер мен тыйымдардың тізімі мұнымен бітпейді. KP.RU басылымы тұрғын үй және жер мәселелері жөніндегі істерге маманданған адвокат Светлана Жмуркомен бірлесіп, "бүгінде ресейліктер тағы қандай ұсақ-түйектер үшін айыппұл арқалауы мүмкін?" деген сұраққа жауап іздеді. Белгілі болғандай, жаза тіпті тұрмыстық елеусіз жайттар үшін де қарастырылған:
- Балконда ескі жиһаздарды сақтау отбасы әмиянына 15 мың рубльге дейін шығын әкелуі мүмкін (мысалы, шкаф балконның бетонына шектен тыс күш түсіреді деп есептеледі);
- Үйдің кіреберісінде, баспалдақ алаңдарында, пәтераралық тамбурларда және басқа да ортақ пайдалану орындарында қалдырылған велосипедтер, балалар арбалары, қораптар және басқа да жеке заттар үшін – 15 мың рубльге дейін;
- Балконнан сыртқа кілем қаққаны үшін 5 мың рубльге дейін;
- Саяжайда кәуап қуырғандарға – 50 мыңға дейін айыппұл қаупі бар;
- Мотоциклмен көшені басына көтеріп, дүрілдетіп жүруді ұнататындар 500 рубльден басталатын айыпұл, ал, түнгі тыныштықты бұзса, 5 мыңға дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады;
- Тіпті балконнан далаға қарап қатты айқайлау да енді Ресейде әкімшілік санкцияға соқтырады: айыппұл мөлшерін әр өңір өз бетінше белгілейді және ол 1 000-нан 3 000 рубльге дейін құбылады.
Бұл жағдай іргедегі елде заңнамалық өзгерістердің қоғамдық өмірдің ең терең бұрыштарына дейін еніп, бақылау тетіктерінің күшейгенін көрсетеді. Бұрынғы заманнан үйреншікті саналған "аулада кір жаю", "құс тамақтандыру" немесе "гүл егу" сияқты тұрмыстық әрекеттердің ендігі жерде әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілік нысанына айналуы – мемлекеттік бақылаудың жаңа деңгейге шыққанының белгісі.
Сарапшылар Ресейдегі жазалау шараларының тым қатаңдығына (саңырауқұлақ үшін түрме, пакет үшін қамау) және ережелердің бұлдырлығына (лентаны тағудың нақты тізімі жоқ) назар аудартады. Бұл – тәртіп орнату мен бюрократиялық қысым арасындағы нәзік шекараның жойылып бара жатқаны туралы маңызды қоғамдық дабыл.