Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі. БҰҰ-ның бала құқықтары туралы конвенциясын қабылдағаннан бері Қазақстан бұл салада бірқатар заңнамалық және институционалдық өзгерістер жасап келеді. ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова El.kz порталына берген сұхбатында қазіргі қолданыстағы заңдар, ұлттық стратегиялар, буллингке қарсы шаралар мен балалардың цифрлық қауіпсіздігі жайлы кеңінен айтып берді.
El.kz: Бүгінде Қазақстанда балалар құқығын қорғауға қатысты қандай негізгі заңнамалар мен халықаралық құжаттар қолданылады?
Насымжан Оспанова: Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласындағы басты халықаралық құжат – БҰҰ-ның бала құқықтары туралы конвенциясы, оны еліміз 1994 жылы ратификациялады. Сонымен қатар, Қазақстан осы сала бойынша тағы 16 халықаралық құжатты, оның ішінде конвенцияның барлық Факультативтік хаттамаларын да қабылдаған.
Ұлттық деңгейде бала құқығы Конституциямен, «ҚР бала құқықтары туралы» заңмен, сондай-ақ «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен, «Білім туралы» және басқа да нормативтік актілермен қорғалады.
2024 жылдан бастап күшіне енген «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалар қауіпсіздігі қамтамасыз ету» туралы заң аясында балалар тарапына жасалған қатыгездіктің кез келген түріне жауапкершілік күшейтіліп, буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік сынды арнайы нормалар енгізілді. Сонымен қатар, балаларды автобустан түсіріп кетуге тыйым салу секілді нақты қауіпсіздік шаралары заңнамалық деңгейде бекітілді.
El.kz: Балалар құқығын қорғау бойынша мемлекет жүзеге асырып отырған басты бағдарламалар мен ұлттық стратегиялар туралы айтып берсеңіз. Олар нақты қандай нәтижелерге бағытталған?
Насымжан Оспанова: Мемлекет балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар стратегиялық құжаттар мен бағдарламаларды іске асыруда. Соның ішінде негізгісі – балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар.
2022 жылдан бастап балалар әл-ауқаты индексі енгізілді. Бұл – баланың өмір сүру сапасын кешенді бағалауға мүмкіндік беретін ұлттық құрал. Индекс төрт бағыт бойынша жүргізіледі:
- «Бала»,
- «Отбасы және қоғам»,
- «Мемлекеттік саясат»,
- «Елдің әл-ауқаты».
2024 жылдың алғашқы қорытындысы бойынша, балалардың құқықтық жағынан қорғалуы 90%-ға жетіп отыр. Бұл – балалардың өз құқықтарын біліп, қажет жағдайда кімге жүгіну керектігін түсінетінін көрсетеді.
El.kz: Жергілікті атқарушы органдар мен мектеп әкімшіліктері балалардың құқықтарын қорғау бағытында қандай жауапкершілік атқарады?
Насымжан Оспанова: Жергілікті атқарушы органдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиялар, қамқоршылық және қорғаншылық органдары, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер арқылы балалар құқығын қорғау саласындағы жұмыстарды үйлестіреді.
Мектеп әкімшіліктері болса, қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз етуге, психологиялық қолдау көрсетуге, буллингтің алдын алуға және ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға жауапты. 2024-2025 оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінде «Жеке қауіпсіздік» сабақтары енгізілді. Олар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес сабақ жоспарларымен 130 тақырып әзірленді. Сабақтар жыл сайын үш рет қайталана отырып, апта сайын сынып сағаты шеңберінде 10 минуттан өткізіледі. Сондай-ақ, елімізде Досболlike отандық антибуллингтік бағдарламасы әзірленді. Оқу жылының басынан бастап еліміздің тоғыз өңірінде буллингке қарсы бағдарламаны апробациялау жалғасуда, оған 70 мыңға жуық оқушы мен 5 мыңнан астам педагог пен білім беру ұйымының қызметкерлері қатысуда.
Ел көлемінде алғаш рет 20 психологиялық қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықтар арнайы әдістемелік ұсынымдармен, білікті мамандармен және материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.
2024 жылдың өзінде ғана бұл орталықтар 250 мыңнан астам бала мен олардың отбасына көмек көрсетті. Сонымен қатар, қамқоршылық және қорғаншылық органдарының штат саны көбейтіліп, олардың қызметі нығайтылып келеді.
El.kz: Қатыгездікке немесе басқа құқық бұзушылыққа тап болған баланың даусын кім естиді? Мұндай жағдайда ол қайда, кімге жүгіне алады?
Насымжан Оспанова: Мұндай жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін «111» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Орталық анонимділік пен құпиялылықты толық қамтамасыз етеді.
2025 жылдың 1 қаңтарынан 30 сәуір аралығында бұл орталыққа 77 913 өтініш келіп түсті:
- 580 – қысқа нөмірге тікелей қоңырау арқылы,
- 77 333 – QR-код арқылы жіберілген жазбаша хабарламалар.
Өтініштердің басым бөлігі ақпараттық сипатта болды – балаларға кеңес, психологиялық қолдау, бағыт-бағдар берілді. Күрделі жағдайларда полиция, білім, денсаулық сақтау және басқа да органдардың қатысуымен ведомствоаралық көмек ұйымдастырылды.
El.kz: Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардағы балалардың құқықтарын қорғау мәселесі қалай шешіліп жатыр? Бұл бағытта қандай нақты қолдаулар мен кепілдіктер бар?
Насымжан Оспанова: Мемлекет «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы жыл сайын әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларға материалдық көмек көрсетеді. 2024 жылы 500 мыңнан астам бала осы қор арқылы көмек алды. Қамтылғандар қатарында АӘК алатын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, жетімдер және төтенше жағдайға тап болған балалар бар.
Министрлік ата-аналардың есепшотына тікелей қаражат аудару тетігін енгізіп, киім-кешек пен оқу құралдарын өз бетінше, сапалы түрде таңдап алуға мүмкіндік беріп отыр. Әр балаға бөлінетін сома – 43 407 теңге, бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес.
Соңғы үш жылда көмек көлемі 2,5 есеге өсіп, 17 мың теңгеден 43,5 мың теңгеге жеткен.
El.kz: Балаларды интернеттегі қауіп-қатерден (кибербуллинг, зорлық, алаяқтық) қорғау бағытында қандай жүйелі шаралар қолға алынған?
Насымжан Оспанова: 2023 жылы министрлік ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балалардың цифрлық сауаттылық деңгейін анықтау, сондай-ақ цифрлық ортада балаларды қорғауға бағытталған шараларды стратегиялық жоспарлау және жүзеге асыру мақсатында «Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі» әлеуметтік зерттеуін жүргізді.
Зерттеу нәтижелері бойынша 2024 жылдың ақпан айында БҰҰ-ның «ЮНИСЕФ» балалар қорымен бірлесіп, балаларды кибербуллинг, балаларға арналған қажетсіз және тыйым салынған мазмұн, балалардың қауіпсіздігі мен құпиялылығының цифрлық тәуекелдері, балалардың интернетке тәуелділігі сияқты онлайн қауіп-қатерлерге назар аударатын цифрлық ортадан қорғайтын «Кибер Тұмар» ақпараттық-білім беру науқаны іске қосылды.
Сонымен қатар, Министрлік тарапынан балаларға арналған контентті шектеу және сүзгіден өткізу мәселесінде «Ата-ана бақылауының» арнайы қосымшаларын пайдалану үшін ата-аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Балалардың құқықтық сауаттылығы мен қорғалуын анықтауға арналған 2023 жылғы социологиялық зерттеу нәтижелеріне сәйкес ата-аналардың 17,6%-ы ғана сүзгілеу құралдарын орнатқан.
Сондай-ақ, ата-аналарды Play Market және App Store қосымшалары арқылы қолжетімді ата-ана бақылауының қосымшаларын пайдалануға, қосылуға шақырады.
El.kz: Балалардың өз құқықтарын білуі үшін ағартушылық бағытта қандай іс-шаралар жүргізіледі? Бұл білім мектеп бағдарламасына енгізілген бе?
Насымжан Оспанова: Балалар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында барлық білім беру ұйымдарында «Мен өз құқығымды білемін» атты ақпараттық айдар іске қосылды. Бұл бастама оқушыларға өз құқықтары мен заң алдындағы міндеттерін түсіндіруге, құқықтық диалог мәдениетін дамытуға көмектеседі.
Қазақстанда балалардың құқығын қорғау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы. Бұл бағытта атқарылып жатқан кешенді жұмыстар алдағы уақытта да балаларға қауіпсіз, әділетті және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталады.