Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда кезеңі түркі халықтарының рухани және мәдени дамуы үшін аса маңызды тарихи белес болғанын атап өтті.


Президенттің сөзінше, ұлы ойшылдардың ілімі Алтын Орда дәуірінде жаңа деңгейге көтерілген.

"Әл-Фараби, Ясауи және басқа да әйгілі ойшылдар ілімінің Алтын Орда тұсында одан әрі дами түсуі заңдылық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл кезеңде түркі тілі, исламның кітаби дәстүрлері мен далалық даналықтың тоғысқанын ерекше атап өтті.

"Түркі тілі, исламның кітаби дәстүрлері мен даланың санғасырлық даналығы дәл осы кезеңде бір-бірімен біте қайнасып, идеологиялық тұрғыдан ауқымы кеңейді", – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, бұл үрдіс Алтын Орда әдебиетінде айқын көрініс тауып, түркі халықтарының сөз өнерінің дамуына серпін берген.

Президент қазақ руханиятындағы ерекше мұра ретінде Ақсақ құлан күйін мысалға келтіріп, биыл оның шыққанына 800 жыл толатынын атап өтті.

"Бұл аңыз – домбыраның шанағынан шыққан Ұлы Даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол жыраулық дәстүрдің үзілмей жеткенін айтып, Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз Тіленшіұлы және Доспамбет жырау мұрасының маңызын атап өтті.

Президенттің сөзінше, сол кезеңдегі батырлық жырлар – ортақ түркі әлемінің рухани қазынасы.

"Ер Едіге, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын секілді жырларда батырлардың ерлік жолы мен тарихи оқиғалар тізбегі жиі баяндалады. Бұл – қазақ, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ және басқа да халықтардың ортақ қазынасы", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.