Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ұлысының экономикалық және қалалық даму тәжірибесі орта ғасырлардағы озық мемлекеттілік үлгісінің бірі болғанын айтты.
Президенттің сөзінше, Алтын Орда стратегиялық ашықтық қағидатына сүйеніп дамыған.
"Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болды. Бұл ұстаным қалалардың тұрпатынан да анық байқалды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұлыс қалаларының дамуы туралы да атап өтті. Оның айтуынша, қалалар қорғаныс мақсатында оқшауланған жоқ, керісінше сауда мен еркін қозғалысқа бейімделген.
"Себебі ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қоршап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды", – деді Президент.
Тоқаев бұл жағдай дала мен қала арасындағы қақтығыс туралы қалыптасқан түсініктерді жоққа шығаратынын айтты.
"Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Алтын Орда аумағында жүзден астам қала болған және олардың материалдық-мәдени мұрасы бүгінге дейін жеткен.
Сондай-ақ ол сол кезеңдегі инженерлік және құрылыс саласының дамуына назар аударды. Археологиялық деректер өндіріс пен құрылыс технологияларының жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.
"Сол замандағы өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамығанын Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аңғаруға болады", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Еуразия кеңістігінде сауданың кең дамығанын да атап өтті. Оның сөзінше, бұл үрдіс Жошы ұлысының алғашқы жаһандық нарықтардың бірін қалыптастыруына негіз болды.
"Еуразияның түкпір-түкпіріндегі іскер адамдардың сауда жасауына, кәсіппен еркін айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды", – деп түйіндеді Президент.