Шамамен екі апта бұрын әлеуметтік желілерде Жетісу облысындағы ұлттық парк аумағында орналасқан үйге кіруге әрекет жасаған аюдың видеосы тараған еді. Бұл жағдайға ұлттық парктің баспасөз қызметі пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қоңыр аю бейнеленген видео 2026 жылғы 9 мамырда Instagram желісіндегі tabigat_union.kz парақшасында жарияланды.
"Видеода Жетісу тауларындағы қонақүйлердің біріне келген қоңыр аюдың әрекетінен кейінгі көрініс көрсетілген. Қараңыздаршы, жыртқыш темір есікті кәдімгі жұқа фольгадай мыжып тастаған. Абырой болғанда, бұл жолы ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда мұндай жағдайлар – дабыл белгісі. Жоңғар (Жетісу) Алатауында аю санының көбеюіне байланысты адам мен жыртқыштың бетпе-бет келуі жиілеп барады", – делінген жазбада.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Kazhym Jumaliyev (@mergenshi)
Оқиғаға "Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" РММ-нің баспасөз қызметі түсініктеме берді:
Аталған жағдай "Жоңғар-Алатауы МҰТП" РММ-нің Аттапқан шатқалында орналасқан ұзақ мерзімді серіктестік аумағы — "Табиғат ОРХ" ЖШС аумағында тіркелді. Тянь-Шань қоңыр аюы адамға сирек шабуыл жасайтын аңдардың қатарына жатады. Алдын ала мәлімет бойынша, аю аталған аумаққа тағам иісіне байланысты келген. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Жоңғар-Алатауы МҰТП/Жонгар-Алатауский ГНПП (@zhongar_alatau_kz)
Сондай-ақ ұлттық парк келушілерге үндеу жасады.
"Жабайы жануарларды көрген жағдайда оларды тамақтандырмауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ, парк аумағында тамақ қалдықтарын қалдырмаңыздар. Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауларыңызды сұраймыз!" "Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" РММ-нің баспасөз қызметі
2026 жылғы 13 мамырда фототұзақ Қазақстандағы ең ірі ұлттық паркте таудың иесін таспаға түсіріп алғаны хабарланған болатын.