1 маусым күні Италияның жүрегі – Рим қаласында әйгілі "Джиро д’Италия – 2025" көпкүндігінің шымылдығы жабылды.
Әлемнің үздік велошабандоздары үш апта бойы мыңдаған шақырымды артқа тастап, өзара мықтыны анықтады. Жиырма бірінші, яғни шешуші кезең Римнің тарихи көшелерімен өтті. Жазық бағыттағы 143 шақырымдық жарыста спортшылар 1600 метрден астам биіктікке көтерілді. Бұл күнгі басты кейіпкер – Team Visma | Lease a Bike командасының өкілі, нидерландтық Олаф Кой болды. Ол мәреге өзгелерден бұрын жетіп, жарыстың соңғы кезеңінің жеңімпазы атанды. Онымен иық тіресе келген Кэйден Гровс (Аустралия, Alpecin-Deceuninck) екінші орыннан көрінді, ал үздік үштікті италиялық Маттео Маскетти (Q36.5 Pro Cycling Team) түйіндеді.
Жалпы, қатысушылар үш апта ішінде 3443 шақырымнан астам қашықтықты жүріп өтіп, таулы аймақтар мен жазықтарда, жекелей жарыстарда күш сынасты.
Көпкүндік доданың жалпы есебінде Ұлыбританиялық Саймон Йейтс (Team Jayco AlUla) бас жүлдені жеңіп алды. Ол үш апта бойы тұрақтылық танытып, шешуші кезеңдерде шеберлік көрсетіп, қарсыластарын басып озды.
Күміс жүлде – жарқ етіп шыққан мексикалық жас дарын Исаак Дель Тороға (UAE Team Emirates), қола медаль эквадорлық Олимпиада чемпионы, тәжірибелі Ричард Карапасқа (EF Education–EasyPost) бұйырды.
Арнайы аталымдар жеңімпаздары:
Спринтерлік классификация – Мадс Педерсен (Дания, Lidl–Trek)
Таулы кезеңдердің үздігі (Көгілдір жейде) – Лоренцо Фортунато (Италия, XDS Astana Team)
Үздік команда – UAE Team Emirates–XRG
Бұл жолғы супермарафон XDS Astana Team командасы үшін ерекше сәтті өтті. Команда капитандарының бірі Лоренцо Фортунато нағыз мінез көрсетіп, ең үздік таулы шабандоз аталымында жеңіске жетті. Ол Римдегі мәреде көгілдір жейдені кеудесіне киіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
"Жеңісті отбасым мен әрдайым менің жанымда болып, қиын сәттерде демеу болған жұбайыма арнаймын. Сондай-ақ, бұл – менің командамның жеңісі. Біз үнемі бір-бірімізді қолдап, бір мүдде үшін күрестік. Жарыстың үшінші кезеңінен кейін көгілдір жейдені иеленген сәтте-ақ, оны сақтап қалу туралы ой келді. Гранд-турларда жағдай күн сайын өзгеруі мүмкін, сондықтан әр сәтке жауапкершілікпен қарап, 100% күш салдық. Нәтижесінде бүгін мен Римде көгілдір жейдемен тұғырда тұрмын. Бұдан асқан бақыт бар ма?" – деді Фортунато.
Сондай-ақ Фортунато "Джиро д’Италияның" ең белсенді велошабандозы атағын да жеңіп алды.
XDS Astana Team құрамындағы тағы бір спортшы Кристиан Скарони да таулы классификацияда екінші орынға ие болып, команданың жетістігін еселей түсті. Жарыстың 16-кезеңі команданың нағыз триумфына айналды – бұл жолы Скарони мәреге бірінші болып келсе, Фортунато екінші келіп, қос жеңіс тіркелді.
"Джиро д’Италия – 2025" – қайталанбас шабандоздық шеберліктің, тактикалық тартыстың, және темірдей төзімділіктің символына айналды. Бұл дода биыл да жанкүйерлердің жадында мәңгі сақталатын сәттерге толы болды.