Алматыда автобус жолақтарының желісін кеңейту, велосипед жолдарының ұзындығын арттыру және бірнеше көшедегі қозғалыс кестесін өзгерту жоспарланып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Almaty Joly-на сілтеме жасап.

Алматыда қоғамдық көлікке, жүргіншілер мен велосипедшілерге басымдық беру күшейтілуде: қалада автобус жолақтарын кеңейту, веложеліні дамыту және бірқатар көшеде қозғалыс сызбасын өзгерту жоспарланып отыр.

Жаңа bus lane қай жерде қарастырылған

Қоғамдық көлікке арналған жаңа арнайы жолақтар мына көшелерде болады: әл-Фараби даңғылы, Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтбаев, Өтеген батыр, Рысқұлов көшелері, Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ) және Солтүстік айналма жолы.

Веложелі ұлғаяды

Биыл веложелінің ұзындығын 87 шақырымнан 125,5 шақырымға дейін, яғни шамамен 40 шақырымға арттыру жоспарланып отыр.

Бұл велосипедшілер үшін қауіпсіз әрі түсінікті бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Біржақты қозғалыс қай көшелерде болады

Бірқатар көшеде, соның ішінде "Тастақ" базары маңында, сондай-ақ Әуезов — Байзақов, Жуков — Уәлиханов және Радостовец көшелерінің учаскелерінде біржақты қозғалыс енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Сонымен қатар мамандар Тимирязев, Жандосов, Манас, Мыңбаев, Береговая, Армянская, Айманов және Пушкин көшелерінде біржақты қозғалыс енгізу мүмкіндігін пысықтап жатыр.

Жедел пилоттық шешімдер

Өзгерістер жедел пилоттық шешімдер арқылы енгізіледі. Алдымен жаңа қозғалыс сызбалары жол таңбалары мен уақытша қозғалыс ұйымдастыру тәсілдері арқылы сынақтан өткізіледі.

Оң нәтиже болған жағдайда бұл қаланың басқа учаскелеріне де енгізіледі.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз