Орталық ҰБТ, КТ, педагогтердің білімін бағалау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді.


Үкімет қаулысының негізінде Ұлттық тестілеу орталығына ғылыми ұйым мәртебесі берілді. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ, КТ, педагогтердің білімін бағалау және басқа да тестілеу түрлері бойынша емтихандардың валидтілігін, сенімділігін және DIF-талдауын қамтитын психометриялық зерттеулерді белсенді жүргізіп келеді. Зерттеулер ETS (АҚШ), AQA (Ұлыбритания) және Жоғары экономика мектебі (Ресей) сияқты жетекші халықаралық ұйымдармен бірлесіп, 11 ғылыми жоба аясында жүзеге асырылып жатыр.

ҰТО-ның ғылыми әзірлемелері ETS ұйымымен бірлесіп жаңа Admissions Insight Test (AIT) қабылдау емтиханын әзірлеу жобасына да негіз болды. Бұл емтиханды әзірлеу жұмысы 2026 жылы басталды.

"AIT тесті – халықаралық деңгейде танылуғабағытталған, ETS зерттеу институтымен бірлесіп әзірленген модульдік емтихан. Ол мектеп бағдарламасына және таңдалған оқу бағытына сәйкес пәндік білімді, сондай-ақ практикалық дағдыларды бағалайды. Атап айтқанда, сыни ойлау, академиялық жазылым, зерттеу және коммуникациялық қабілеттер, сандық және цифрлық сауаттылық, шығармашылық ойлау дағдылары қамтылады. Тест әзірлеу сапасын арттыру және нәтижелерді тереңірек талдау үшін жасанды интеллект пен озық аналитиканы қолданады. Бұл қазақстандық студенттерге университетке түсу кезеңінің өзінде халықаралық танылу мүмкіндігін ашады", – деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

ҰТО-ға ғылыми ұйым мәртебесінің берілуі Қазақстанда ғылыми зерттеулерге, халықаралық ынтымақтастыққа және озық технологияларға негізделген заманауи бағалау жүйесі қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.


Оқи отырыңыз:

  • Енді Қазақстанның түлектері ҰБТ-ның сертификатымен Малайзияға оқуға түсе алады
  • ҰБТ: смартфон мен шпаргалка алып кірмек болған 46 талапкер тесттен шеттетілді ҰБТ: смартфон мен шпаргалка алып кірмек болған 46 талапкер тесттен шеттетілді