"Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында өңір аумағында "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Төрт күн ішінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 189 дерегін анықтады. Аталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіретін жағдайлармен байланысты.
Бұл туралы Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов мәлімдеді. Анықталған құқық бұзушылықтардың қатарында 32 жүргізушінің көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалануы, 11 жүргізушінің міндетті техникалық тексеруден өтпеуі, 7 адамның көлікті мас күйде басқаруы, сондай-ақ 2 жүргізушінің қарсы қозғалыс жолағына шығу деректері бар.
Мәселен, Ақсу қаласында полиция қызметкерлері Mercedes автокөлігі тоқтатып, 21 жастағы жүргізушінің мас күйде болғанын анықтады. Осыған ұқсас жағдай Павлодар қаласында да тіркеліп, Mitsubishi көлігінің жүргізушісі есірткілік масаң күйде көлік басқарғаны белгілі болды.
Сонымен қатар Катаев көшесінде Lada автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кеткені үшін ұсталды. Барлық деректер бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, көліктер айып тұрағына қойылды. Полиция қызметкерлері тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы 25 мамырға дейін жалғасатынын еске салды.