Астана әуежайында 12 келі гашиш майымен жолаушы ұсталды.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстанда есірткі жеткізу арналарына қарсы ауқымды операция жүргізілгенін хабарлады.
Ведомство мәліметінше, биыл сәуір айынан бері 9 халықаралық және екі өңірлік есірткі арнасы жойылып, бір фитозертхананың қызметі тоқтатылған.
"Ақтау қаласының әуежайында шетелдік азаматтың денесіне жасырып өткізбек болған жалпы салмағы 1 келі болатын 114 апиын капсуласы тәркіленді. Ал Астана әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 келі гашиш майын алып келген қазақстандық ұсталған", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары "көкнәр сабанын" контрабандалық жолмен тасымалдап, оны тарату және есірткі өндірумен айналысты деген күдікке ілінген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
ҰҚК мәліметінше, операция барысында:
- 3,4 кг апиын;
- 9 кг гашиш;
- 11,4 кг синтетикалық есірткі;
- 18,5 кг гашиш майы;
- 26,4 кг марихуана;
- 110 грамм кокаин;
- 20 тонна көкнәр сабаны;
- 150 литрден астам прекурсор тәркіленген.
Аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікпен 23 қазақстандық және үш шетел азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Семей тұрғыны гаражын есірткі қоймасына айналдырған: ІІМ 154 келі марихуана тәркіледі