Бүгін, 2026 жылғы 25 мамырда Ұлттық банк коллекционерге жағымды жаңалықты мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Елімізде үш коллекциялық монета айналысқа енгізіледі.
"Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" сериясынан "E. SERKEBAEV. 100 JYL" және "Жүректен жүрекке" сериясынан "AINALAIYN" коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады",- делінген жарияланымда.
E. SERKEBAEV. 100 JYL коллекциялық монетасы туралы
Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев (1926-2013) – көрнекті кеңес және қазақ опера әншісі (лирикалық баритон), педагог және актёр. КСРО халық артисі (1959) және Социалистік Еңбек Ері (1986). 1947 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының солисі болды. Кеңестік опера сахнасында "Севильский цирюльник" операсындағы Фигаро партиясын және ұлттық "Абай" операсындағы Абай партиясын орындауы арқылы кеңінен танылды.
Ведомство монета дизайнында Е. Серкебаевтың портреттік бейнесі пайдаланылғанын атап өтті.
"Монета мельхиор (МН 25) қоспасынан дайындалған, массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңге, таралымы – 7 000 (жеті мың) дана". ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметі
Монетаның бейнесі
AINALAIYN коллекциялық монеталары туралы
Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, монетада құрақ көрпені еске түсіретін композиция бейнеленген.
"Монета жиегінің бойымен шеңбер жасап қайталанған "AINALAIYN" сөзі шетінен ортасына қарай ағылған қозғалыс әсерін береді. Композицияның ортасында шуақты күн бейнелі ою-өрнекпен көмкерілген "Жүрек" элементі орналасқан. Бұл бейнелер жылулықты, шексіз махаббат пен шынайы қамқорлықты білдіретін қазақтың "Айналайын" сөзінің мағынасын ашуға арналған". ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметі
Белгілі болғандай монеталар:
- 925 сынамалы күмістен жасалған. Дайындау барысында түрлі түсті баспа және құбылмалы кемпірқосақ реңкті (интерференциялық) қабат технологиясы қолданылған. Массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 1000 теңге, таралымы – 3 000 (үш мың) дана;
- мельхиор (МН 25) қоспасынан тұрады, массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңге, таралымы – 10 000 (он мың) дана.
Күмістен дайындалған монетаның бейнесі
Мельхиордан дайындалған монетаның бейнесі
Белгілі болғандай, коллекциялық монеталар 2026 жылғы 28 мамырдан бастап ҚҰБ-тың интернет-дүкені арқылы сатыла бастайды.
"Монеталардың барлық түрі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға және аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады". ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметі
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.