Атырау облысы Жаңа Қаратон кентінде төрт бала бір оқушыны аяусыз тепкілеген. Әлеуметтік желіде тараған видеодан соң, полиция жасөпірімдерді жедел анықтап, ата-аналары жауапқа тартылды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Оқиға осыдан бір ай бұрын болған. Жаңа Қаратон кентіндегі №23 мектептің 8 сыныптың төрт оқушысы сол ауылдағы өзге мектептің 8 сынып оқушысын тепкінің астына алған.

"Балағаттады" деген сылтаумен, оны жабылып соққыға жыққан. Алайда жәбірленуші бала сол кезде дәрігерлердің көмегіне жүгінбеген. Тек шу шыққаннан кейін ғана Жылыой аудандық ауруханасына қаралыпты.

"Полиция қызметкерлері құқық бұзуға қатысы бар 13-14 жастағы жасөспірімдерді анықтады. Жасөспірімдер заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Кәмелетке толмағандар ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынып, жинақталған материалдар тиісті шара қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды", — дейді Атырау облысы ПД ресми өкілі Мейірім Ердәулет.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз