Ақтөбе облысында жасөспірімнің жағын сындырып, тісін түгел түсіріп тастаған балалар жазасыз қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, бұған таяқ жеген оқушының ата-анасы ашынып, ұлын жабылып сабағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын талап етіп отыр.

"Ұлымның амандасқаны жоғары сынып оқушысына ұнамай қалған. Ол қатарластарымен келіп, ағаш арасына апарып аяусыз ұрған. Енді баламның сынған жағы мен тістеріне ота жасалды. Тамақты тек түтікшемен ішеді. Ал сабаған жоғары сынып оқушылары мен колледж студентіне ешқандай жаза берілмеді. Қылмыстық іс те қозғалмады". Айсұлу Мусина

Соққыдан жағы сынып, тістері түсіп қалған 14 жастағы жасөспірім аузын еркін ашып жөнді сөйлей де алмайды. Тамақ пен суды тек түтікше арқылы ғана ішіп отыр.

Үш апта бұрын мектеп ауласында ол өзінен бір сынып жоғары оқитын оқушымен сөзге келіп қалады. Кешкілік жасөспірімді бір топ оқушы күтіп алып қоршап алған. Арасындағы ересек бесеуі ағаштың арасына апарып аяусыз ұрған. Қансыраған жасөспірім сол күні ауруханаға түскен. Ауыз қуысына операция жасалыпты. Бірақ баланы ұрғандарға қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған.

Тәртіп сақшылары тек әкімдік жанындағы комиссия кінәлі бесеуді жиналысқа салып, тіркеуге алғанын айтады. Ал олардың ата-анасына баласының тәртібіне дұрыс қарамағаны үшін айыппұл салыныпты.