Елімізде психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің ережелері бекітілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру, инклюзивті және арнайы білім беруді жүйелі түрде нығайту аясында Оқу-ағарту министрлігі «Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі ережелерін бекіту туралы» жаңа бұйрықты қабылдады. Құжат арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің бірыңғай жүйесін құруға бағытталған.

Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева жаңа өзгеріс жөнінде: «Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі (ППС) – білім беру процесінің қатысушыларына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін алқалы орган. Бұл оқушылардың, соның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етеді, олардың оқу мотивациясын, үлгерімін, шығармашылық әлеуетін және кәсіби өзін-өзі анықтауын дамытуға ықпал етеді», деп пікір білдірді.