2025 жылы 3 маусымда Қазақстанға жаңа керқұландар тобы әкелінді. Бұл — "Жабайы жылқылардың оралуы " жобасы аясындағы екінші халықаралық тасымал, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметінен.

Жаңа керқұландар тобы Прага зоопаркі мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді. 2 маусым күні жеті жылқы тиелген екі әскери ұшақ Чехия мен Мажарстан елдерінен ұшып шықты. Жануарлар бір тәуліктей алыс жол асырды. 3 маусым күні таң ата екі ұшақ Арқалық әуежайына келіп қонып, жануарлар "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығына тағы 5 сағат жол жүрді. Олар осындағы кең қашаларда бір жыл ұсталады да, кейін жабайы табиғатқа жіберіледі. Орталықта жылқыларды жайғастыратын қажетті инфрақұрылым мен күтіп қарайтын мамандар бар.

Қазақстандағы биоәралуандықты сақтау жұмысының жетекші органы ретінде табиғатымызды қалпына келтірудегі осындай маңызды кезеңді басқару — біз үшін асқан құрмет. Бір жылдық жұмыстың керемет нәтижесі — екінші топ керқұландар аман-есен келіп жетті, ал бірінші топ әбден көндігіп, "Алтын Дала" мемлекеттік резерватының инспекторларының қорғауымен жабайы табиғат тіршілігіне толық дайын", — дейді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Осымен Прага зоопаркінің Чехия әскерімен серіктестікте керқұландарды Орталық Еуропадан Қазақстанға екінші рет тасымалдауы. Еуропалық зоопаркілер мен асыл тұқымдыларды өсіретін орталықтардан келген бұл жылқылар жабайы табиғатта жергілікті популяция құруға негіз болады. Тіршілікке бейімді әрі генетикалық алуан түрлі популяция қалыптаспайынша, алдағы жылдары осы күрделі жобаны жалғастыруға барынша тырысамыз", — дейді Прага зоопаркінің директоры Мирослав Бобек.

Керқұлан (Кертағы) — әлемдегі жабайы жылқылардың ақырғы түрі. Ол XX ғасырдың ортасына қарай жабайы табиғаттан құрып кетті. Содан бері түрді қалпына келтіру бағдарламаларына зоопаркілерде сақталған бүкіл керқұланның үлесі тиді. Қазақстанда жабайы жылқыларды қалпына келтіру жобасы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен, АСБК-мен, Франкфурт зоология қоғамымен, Нюрнберг зоопаркімен, Берлин зоопаркі және Берлин жануарлар паркі бірлескен Tierpark Берлинмен, Hortobágy ұлттық паркімен серіктестікте 2024 жылы басталды. Жабайы жылқыларды Қазақстанға қайта жерсіндіру жұмысы бұдан бұрын жануарлардың Прага зоопаркінен Моңғолиядағы мекеніне сәтті қайтарылған тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асады.