4 маусым күні сағат 15:00 шамасында Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында болған өрт салдарынан бір отбасының бес баласы қаза тапты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт кезінде балалар үйде үлкендердің қарауынсыз болған. Өрттің аумағы 30 шаршы метрді құраған, үйдің ішінде тұрмыстық заттар мен жиһаз жанған.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер бес баланың мәйітін тапқан. БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, балалар ауруханаға өмір белгілері байқалмай жеткізілген.
"Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады, бірақ балалардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады", – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Қайтыс болған балалардың жасы 6, 5, 4, 3 және 2-де болғаны анықталды.
Өрт сағат 15:56-да толықтай сөндірілді.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, отбасы жеке үйді жалдап тұрған. Өрт болған кезде балалардың ата-анасы жұмыста болған. Әкесі – жергілікті бос уақыт өткізу орталығында шаруашылық меңгерушісі, анасы ауыл дүкенінде жұмыс істеген.