Мемлекет басшысы Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Кездесуде қала әкімі президентке алдағы жұмыстың басым бағыттары, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық даму, қала экологиясын оңалту және шаһар тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі жоспары туралы баяндаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполисті дамытудың негізгі міндеттерін айқындаған.

Атап айтқанда, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру, қаланың инфрақұрылымын кешенді түрде жаңғырту, сондай-ақ жол-көлік желісінің жағдайын жақсарту, экологиялық мәселелерді шешу сияқты бірқатар нақты тапсырма берген.

Айта кетейік, сенбі, 24 мамырда Алматының жаңа әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды.

Ол бұл қызметте қаланы 2022 жылғы қаңтардан бері басқарған Ерболат Досаевты алмастырды.

Сондай-ақ Дархан Сатыбалды алдағы жоспарларын бөлісіп, қызметінде қандай мәселелерге басымдық беретінін айтты.