Қазақстандық полицей қол күресінен әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

ІІМ-нің ақпараттық медиапорталының жазуынша, 31 мамыр мен 1 маусым аралығында Түркияның Бурса қаласында қол күресінен әлем чемпионаты өткен.

Жарысқа 32 елден спортшылар қатысып, Қазақстанның намысын Астана қаласы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы, полиция полковнигі Данара Ахметова қорғаған.

Әйелдер арасында 60 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Данара Ахметова қарсыластарының бәрінен басым түсіп, алтын медаль жеңіп алған. Бұл – полиция полковнигінің халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі жеңісі.

"Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Еліміздің туын биікте желбіретіп, Қазақстан полициясының абыройын халықаралық аренада таныта алғаныма ерекше қуаныштымын", — дейді Данара Ахметова жеңістен кейінгі әсерімен бөлісіп.

Елге оралған чемпионды Астана халықаралық әуежайында әріптестері, туыстары мен достары ыстық ықыласпен, гүл шоқтарымен қарсы алған.