Астанада ББҚ сату бойынша алаяқтықпен айналысқан Call-орталық ұйымдастырушылары ұсталды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен құқық қорғау органдары "қара зере майы" атты биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) сату және "автокөлік ұтысы" туралы жалған ақпарат тарату арқылы азаматтарға жаппай қоңырау шалумен айналысқан заңсыз Call-орталықтың қызметі тоқтатылды.

Алаяқтар Instagram және TikTok платформаларының пайдаланушыларының клиенттік базасын қолданып, қоңыраулар шалған.

Операторлар азаматтарды автокөлік ұтып алғандары жөнінде жалған ақпаратпен алдап, олардан тіркеу мен кедендік төлемдерді төлеу сылтауымен 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақша талап еткен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында барлығы 14 адамның қылмысқа қатысы бары анықталды, олар-директор, заңгер, сату бөлімінің басшысы мен операторлар. Тінту барысында 32 ноутбук пен 10 ұялы телефон тәркіленді.

Қылмыстық схеманың екі ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жалпы келтірілген залал 3,5 миллион теңгені құрады.

Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді ұтыстарға сенбеуге шақырады.

Бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену алаяқтық ретінде танылады және бұл әрекет үшін он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске саламыз.