Цифрлық даму министрлігі 2025 жылы 5 маусымда ел көгінде байқалған беймәлім жарық нысандарға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
"5-нен 6 маусымға қараған түні ел орталығы және солтүстіктегі халық, оның ішінде Астана, Қарағанды, Павлодар және Қостанай қалаларының тұрғындары аспанда жарық құбылысты байқады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл орбитада бұрын болған ғарыш нысандарының бірінің атмосфераға енуімен байланысты", делінген министрлік түсініктемесінде.
Ғарыштық қалдықтардың қозғалысын бақылайтын халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес, дәл осы уақыт аралығында үш оқиға тіркелген, олардың әрқайсысы байқалған құбылысты тудыруы мүмкін:
1. Қытайдың ZQ-2E зымыранының үдеткіш блогы
- Атмосфераға ену уақыты: 5 маусым, Астана уақытымен шамамен 22:40.
- Нысан: LandSpace компаниясы 17 мамырда ұшырған Zhuque-2 Enhanced зымыранының сатысы.
- Ерекшелігі: Экологиялық таза отын (сұйық метан мен оттегі) пайдаланылады, жану кезінде айқын жарық шығарады.
Бұл нысан уақыт жағынан және көрініс сипаттамасы бойынша Қазақстан тұрғындарының байқаған құбылысына ең дәл сәйкес келеді.
2. STARLINK-1631 (SpaceX) спутнигі
- Атмосфераға ену уақыты: 6 маусым, Алматы уақытымен 03:41.
- Ескі спутниктердің бірінің жоспарлы орбитадан шығуы.
3. Жапондық H-2A R/B зымыранының үдеткіш блогы
- Атмосфераға ену уақыты: 6 маусым, Алматы уақытымен 00:36.
- Нысан пассивті орбитадан шығу режимінде болған.
"Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы аумағына қандай да бір фрагменттердің құлағаны немесе залал келтіргені туралы расталған ақпарат жоқ. Мұндай нысандар, әдетте, атмосферада толық жанып кетеді (ірі бөліктердің Қазақстан аумағына құлауы екіталай), ал құбылыстың өзі көрнекі болғанымен, қауіпсіз үдеріс болып саналады". ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
Айта кетсек, 2025 жылы 5 маусымда түнгі аспанда кетіп бара жатқан ұзын-сонар жарық беймәлім нысан пайда болды. Оны еліміздің әр өңірінің тұрғыны байқап, әлеуметтік желіде түсірген видеоларымен бөлісуде. Осы жайтқа қатысты Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді. Сондай-ақ Zakon.kz редакциясы арнайы сауал жолдап, В.Г. Фесенков атындағы Астрофизикалық институттың астрономы Светлана Мошкинаның пікіріне жүгінді. Маман видеода ғарыш аппаратының сатысы жанып жатқанын айтты.