Сот жәбірленушілердің талабын орындағанымен , қорғаушы бұл жағдайға "трагедия" деп баға берді.
Кеше Шерзат Полат ісі бойынша сот үкімі шықты. Сотталушы 9 адам 1,5 және 23 жыл аралығындағы түрлі мерзімге сотталды.
Informburo.kz порталы бүгін жәбірленуші тарап, яғни Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов отбасының адвокаты Мейірман Қалмаханұлымен сұхбаттасып, соттан кейінгі ой-пікірін білді.
Видеосұхбат Информбюроның Youtube арнасында жарияланды.
"Біз де адамбыз. Шыны керек, кеше сотқа бара жатқанда біртүрлі болдық. Әрине, біз олардың сотталып кететінін іштей білдік. Дәлелдің бәрі жеткілікті болатын. Бірақ, үкім шыққаннан кейін олардың әрекетін көрдік. Адам өлтіріп қоя жаздады. Ол жерде қаншама күзетші тұр, сонда да әйнекті сындырып, бізге, маған қарай ұмтылды. Шынасыл Абзал маған қарап, "бүйтем, сөйтем" деген сияқты әрекеттер жасады. Мен өз басым ештеңеден қорықпаймын. Асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын. Бірақ, сол баланың әрекетінен сондай балалардың қоғамда барын ойлап, қазағымның болашағына алаңдадым. Менің жүрегімде ол әліге дейін тұр. Сол балалар өкініп, кінәсін мойындағанда олардың жазасы жеңіл болар еді. Мен адвокаттарына да: "Сендер дұрыс кеңес беріп жатқан жоқсыңдар" деп талай айттым. Бірақ, адвокаттарының таңдап алған позициясы солай болды", – деді Мейірман Қалмаханұлы.
Оның айтуынша, сотталушылардың көбі жастық шағының басым бөлігін түрмеде өткізеді.
"Есептеп отырсам, Шынасыл Абзал бостандыққа 43 жасында шығады екен. Не әйелі, не бала-шағасы жоқ жап-жас бала болып кетеді, 43 жасында қайбір дені сау азамат болып шығады? Бұл маған да ауыр. Мен жеңдім деп айтпаймын. Қазақтың қоғамында мұндай жастар болатын болса, біздің жеңілгеніміз. Иә, сот менің кәсібилігімді көрсетті, жәбірленушілердің талабымыз қанағаттандырдық. Бірақ, бұл бәрібір трагедия", – деді адвокат.
Қорғаушы Мейірман Қалмаханұлы Қаржаубай Нұрымовты жазаға тартуды талап еткендердің әрекетіне қатысты да ойын айтты. Сондай-ақ, Шерзаттың өлімі неге "Бұзақылық" бабымен қаралғаны, сот кезіндегі қиындықтар мен өтемақы өндіру жайы да сөз болды.
Сұхбатты Информбюроның Youtube арнасында көріңіздер.
Оқи отырыңыз:
Талдықорғанда сот Шерзат Полат ісі бойынша үкім шығарды
Шерзат Полат ісі: Сотталғандар марқұмның отбасына 120 млн теңге төлеуге тиіс