Астанадағы автобус апатынан зардап шеккен 8 жастағы Алуаның туыстары елден көмек сұрап жатыр.
Олар әлеуметтік желіде Алуаға халықтан көмек алу үшін жеке парақша (@help.aluabeken) ашып, банк шоттарын жариялаған. Дереккөздерге сүйенсек, зардап шеккен қыздың анасы – жалғызбасты. Кәмелет жасына толмаған бес баланы асырап отыр. Қазір қызының жағдайына байланысты жұмыстан шығып кеткен.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қыздың отбасына баспана мәселесін шешіп беретінін ресми мәлімдеді.
Еске салайық, 2 маусымда Астана қаласындағы Республика даңғылында жолаушы автобусы ақпараттық тақта тіреуіне соғылған еді. Жол апатынан 15 адам зардап шекті.
Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер 8 жастағы Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған. Астанадағы ірі жол апатынан кейін қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі қамауға алынған болатын.
Алуаның туыстарымен байланысу үшін: +77752323097, +77020293818.