Футболдан қыздар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан Павлодардағы QJ лига турнирінің ең алғашқы матчында жергілікті "Ертіс" ойыншылары қарағандылық «Шахтерден» 5:1 есебімен басым түскен болатын. Ойын аяқталған соң, "Ертіс" бас бапкері Айгүл Қырықбаева матчта көзіне жас алғанын жасырмады, деп жазады Sportbugin.kz.

"Матч Павлодарда өткен соң, біз өз жанкүйерімізді қуантқымыз келді. Себебі, "Ертіс" — жай команда емес, тарихы тереңге кеткен ұжым. Ерлер командасы еліміздің бес дүркін чемпионы атанған. Сондықтан, біз қыздардың да алар еншісі барын көрсеткіміз келді. Матчқа келер болсақ, QJ лига секілді ірі турнирдің қыздар арасында басталғаны бізді қатты қуантады. Бұл отандық әйелдер футболының дамуына ерекше серпін беретінін сеніммен айтамын. Осы кездесуде менің төл шәкіртім Елизавета Медведева стандарттан гол соқты. Сол кезде көз жасымды тоқтата алмадым.

Ойында дубль жасаған Аружан Оспанованы да өзім тапқан едім. Сондықтан, оларды бапкер ретіндегі алғашқы қарлығаштарым деп айтамын. Кездесуде біз сенімді жеңіске жеттік. Енді турнир барысында осы көш басында жүруге ұмтыламыз", — деді Қырықбаева.