Ақтауда үлескерлердің қаржысын жымқыру ісі бойынша айыптау үкімі шықты. Бұл туралы 2025 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген тергеп-тексеру барысында Корниенко Н.Н. ешқандай өкілеттігі болмаса да, өзін "СК 2032" тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы ретінде көрсетіп, "МИЗАМ" көпқабатты тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатуға қатысты 9 келісімшарт жасағаны анықталды.
"Осылайша ол азаматтардың 70 миллион теңге көлеміндегі қаражатын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Сот санкциясымен күдіктінің жалпы құны 200 млн теңге болатын 8 мың шаршы метр жер теліміне тыйым салынды." ҚМА баспасөз қызметі
Сот үкімімен Корниенко Н.Н. 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мүлікке салынған тыйым жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу үшін пайдаланылатын болды.