Қарағанды облысында арам қатқан ірі-қара өлекселерін далаға тастап кеткендер іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Абай қаласының белсенділері қолқаны қабатын иіс жайылып, шыбын‑шіркей үймелеген мал қалдықтарын жоюды талап етіп дабыл қағып жатыр.
КТК ақпаратынша, тұрғындар сасық иіс пен қаптаған шыбын-шіркей айналаны басып кеткенін айтады. Соңғы күндердегі аптап ыстықта тіпті арам қатқан мал іріп-шіри бастаған. Белсенділер бұлардан жайылған инфекция жерге сіңіп, басқа мал жанға тарайды дейді. Ветеринарлар, бұл өлекселерді жүк көлігімен мал тасымалдайтындар тастауы мүмкін дейді. Ізін жасыру үшін жеті сиырдың сырғасы бар құлағын кесіп алып кеткен. Соған қарамастан өлексені рұқсатсыз жерге тастағандар іздестіріліп жатыр. Ал іріп‑шіріген малды өртеп, көміп тастадық дейді мамандар.
"Жерге қазылып, өртеліп, қалдық жойылды. Мал қорымына тастадық, өртеген жеріне дезинфекция жасалды. Майындағы өлекселер де толық жойылды",- дейді Азамат Саменбаев “Абай ауданы ветеринария станциясы” ШЖҚ КМК басшысы.
Бұған дейін Түркістан облысында жыл басынан бері 200 келіге жуық есірткі тәркіленгені хабарланған болатын.