Шымкенттегі әл-Фараби ауданының әкімі болып Маратбек Мықтыбеков тағайындалды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қала әкімдігінің Instagram желісіндегі жарияланған ақпаратқа сүйенсек, әл-Фараби ауданының жаңа әкімі Маратбек Мықтыбеков бұған дейін Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған.
Маратбек Мықтыбековтың екі жоғары білімі бар. Ол 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін "Дене шынықтыру" мамандығы бойынша, кейін "Құқықтану" мамандығын бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын білім беру саласында бастаған. 2000-2003 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып жұмыс істеген. Кейін бірнеше жыл бойы жеке компанияларда қызмет атқарған.
Сондай-ақ Маратбек Мықтыбеков күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығын басқарған, Бокс және дзюдо федерацияларында кеңесші, атқарушы директор және бас қазынашысы болған.
Бұдан бөлек, ол "Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК басшысы, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры қызметтерін атқарған.