Израильдің Иранға жасаған шабуылы кезінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) Бас штаб бастығы Хоссейн Салами мен Исламдық Азад университетінің президенті Мохаммад Техранчи қаза тапты, деп хабарлайды Zakon.kz.

IRNA агенттігінің мәліметінше, мұнымен қоса, Иран Қарулы күштері бас қолбасшысының орынбасары генерал Голамали Рашид пен 2011–2013 жылдары Атом энергиясы ұйымын басқарған ядролық физик Ферейдун Аббаси де көз жұмған.

Басылымның жазуынша, Израиль операцияны ирандық армияның жоғары шенді қолбасшылары тұратын аймақта жүргізген. Нәтижесінде Иран армиясы Бас штабының бастығы мен бірнеше жоғары деңгейдегі ядролық ғалымдар қаза тапты. Сондай-ақ Тегеранда ИРСК Бас қолбасшылық штабына да соққы жасалған.

Сонымен қатар Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) маңызды әскери бөлімшелердің мобилизациясын бастағаны хабарланды.

Ynet порталының мәліметінше, "8-бұйрық" бойынша Израиль мыңдаған резервистті жұмылдырады. Бұл негізінен әскери-әуе күштері, тыл қолбасшылығы, солтүстік және орталық қолбасшылық, әскери барлау (АМАН) және тыл қызметі (АТАЛ) секілді шешуші бөлімдерге қатысты.

Исламдық Азад университеті – Иран мен Таяу Шығыстағы ең ірі жекеменшік жоғары оқу орны. Университетте шамамен 1,35 миллион студент білім алады. Ел ішінде және шетелде 350-ден астам бөлімшесі бар, 31 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.

Бұған дейін Израильдің әуе күштерінің Иранға шабуыл жасағаны хабарланған болатын.