2025 жылғы 10 маусымдағы Үкімет қаулысымен "Qyzyljar" арнайы экономикалық аймағы (АЭА) туралы ережеге өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Осылайша, "Qyzyljar" арнайы экономикалық аймағы Петропавл қаласының жаңа шекараларындағы аумақта орналасқан.
"UltradecorTradingKazakhstan" ЖШС инвестициялық жобасын іске асыру аясында 24,5 гектар аумақта АЭА-ның бесінші ішкі аймағы құрылды. Нәтижесінде, АЭА жалпы аумағы 212,3 гектардан 236,8 гектарға дейін ұлғайды.
"Qyzyljar" АЭА-ның №5 ішкі аймағы Петропавл қаласының солтүстік бөлігінде, Тёплые Кусты көшесінің маңында орналасқан. Аумағы – 24,5 гектар.
Жаңа өндіріс Қазақстанда ағаш жоңқалы плиталар мен ламинацияланған ағаш жоңқалы плиталарды шығаруға және бұл өнімді Орталық Азия елдерінің нарығына экспорттауға бағытталған.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде түрлі салаларда жаңа өндірістерді біріктіретін индустриялық-сауда өндірістік алаң құрылмақ.
Бұған дейін Индустрия және құрылыс министрлігі бұл жобаны жүзеге асыру Солтүстік Қазақстан облысындағы "Qyzyljar" АЭА аумағында инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға, аралас салаларды дамытуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өткен.
Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.